Түркістан қаласында өткен қалалық семинар математика пәні мұғалімдеріне арналған кәсіби біліктілікті арттыру шарасы болды. Семинардың тақырыбы – «Математика сабағында жаңа технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру». М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектепте өткен бұл шараға қала мектептерінің математика пәні мұғалімдері мен оқытушылар қатысты. Семинар барысында ұстаздар жаңа педагогикалық әдістерді, заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін зерттеді.
Бұл семинардың негізгі мақсаты – оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, олардың математикалық білімдерін өмірде қолдана білу дағдыларын арттыру болатын. Сонымен қатар, сабақ барысында жаңа технологиялардың, инновациялық тәсілдердің математика пәніне енгізілуі оқушылардың логикалық және аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізері сөзсіз.
Семинардың барысында түрлі сабаҡтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізілді. Математика пәнінен Б.Таймасова 5 «А» сыныбында «Аралас сан» тақырыбында сабақ өткізді. Ал 7 «А» сыныбында К.Жумабекова алгебра пәнінен «Ортақ көбейткішті жақша сыртына шығару» тақырыбында сабақ берді. 9 «А» сыныбында геометрия пәнінен А.Елмұрат «Есептерді шешуде векторларды қолдану» тақырыбын түсіндірді. 10 «А» сыныбында Б.Әбілпия «Арксинус, арккосинус, арктангенс және арккотангенс» тақырыбын қарастырды. Сонымен қатар, 6 «А» сыныпта А.Джуматаева математика сабағында «Теріс рационал сандарды қосу» тақырыбында сабақ өткізді. Ал 11 «А» сыныбында А.Төлеген «Дискретті және интервалды вариациялық қатарлар» тақырыбында білім берді.
Семинардың басты ерекшелігі – сабақ барысында оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, сонымен қатар жаңа технологияларды пайдалану арқылы практикалық дағдыларын жетілдірді. Бұл оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға ықпал етіп, олардың математикалық білімдерін өмірлік жағдайларда қолдануға дайын болуына көмектесті.
Семинардың тағы бір ерекше бөлігі – логикалық ойындар мен интеллектуалды сайыстар болды. Математика пән мұғалімі С.Қитанбаева «Әлсіз буын» интеллектуалды сайыс сабағын өткізді. Бұл сабақтың мақсаты – оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, оларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру. Мұндай ойындар балалардың шығармашылық қабілеттерін, шешім қабылдау дағдыларын арттырып, белсенділік танытуға үйретті.
Қала мектептерінің мұғалімдері өздерінің сабақтарында заманауи технологияларды пайдалана отырып, әртүрлі мәселелерді шешу тәсілдерін ұсынды. Семинарға қатысушылар жаңа әдіс-тәсілдерді өз тәжірибелерінде қолдануға мүмкіндік алғанын атап өтті. Қалалық білім бөлімінің әдіскері М.Ибраева семинардың жоғары деңгейде өткендігін және мұғалімдер мен оқушылар арасында жаңа технологияларды қолданудың тиімділігін айтты. Семинардың қорытындысы бойынша үздік педагогтар қала білім бөлімінің марапатына ұсынылды.
Түркістан қаласында өткен бұл семинар мұғалімдер мен оқушылардың арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, білім сапасын арттыруға үлес қосты. Қала білім беру саласында жаңашылдықтарға деген қызығушылықтың артып келе жатқандығын көрсетеді. Математика пәні мұғалімдері мен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған осындай шаралар білім беру жүйесін жаңғыртуда маңызды рөл атқарады.