Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру жолында жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруды басты назарға алды. Осы бағытта құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүмкін еместігін айтты. Сондай-ақ, бұған дейін аталған мәселенің шығу себебі мен жағдайларына ешкім үңілмегенін, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап, түрмеге тоғытумен ғана шектелгенін жеткізді. Президентіміз қоғамды пара алушылардан тазарту үшін жемқорлыққа жеткізетін жағдайлар мен оның түпкі себептерін анықтауды тапсырды.
Осы тұста, Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құрам қызметкерлері арасында жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осыған қарамастан, жыл басынан бері Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел шаралар кезінде жемқорлықпен айналысқан 7 полиция қызметкері ұсталды. Оның ішінде, пара алу бойынша 5 жайт, пара бергені үшін 2 жайт анықталды. Тәртіп сақшыларына қатысты «Антикор» қызметкерлері- 3 , Өзіндік қауіпсіздік басқармасы- 12 қылмыстық іс қозғады.
Естеріңізде болса, сәуір айында «Антикор» қызметкерлері Шымкент қаласы ЖПҚ ППП-нің 4 рота командирін пара алу үстінде ұстап, қамауға алған болатын. Ол 2021 жылдың мамыр айынан бастап 2022 жылдың сәуір айына дейін қол астындағы қызметкерлерден ай сайын тұрақты түрде пара алғаны анықталды.
Тәртіп сақшыларына қатысты орын алған осындай келеңсіз жайттар бүкіл полицияның имиджіне зор нұқсан келтіруде. Қылмысқа қарсы күрес саласында полицейлер тарапынан құқық бұзушылыққа жол беру қызметімізге сын. Сыбайлас жемқорлықтың себебін анықтау, алдын алу және оны болдырмау мақсатында жеке құрам қызметкерлері арасында профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Ағымдағы жылы, департаментте 29 тәртіптік комиссия отырысы өтті. Оған 280 қызметкер қатысып, 246 сұрақ қаралды. Нәтижесінде 85 полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 18 тұлға жұмыстан босатылып, 8 полицей атқарып отырған қызметінен шеттетілді және т.б.
Қазіргі таңда, шаһар полицейлері арасындағы жемқорлықтың жолын кесу жұмыстарын қатаң бақылауға алдым. Заңды ескермеген кез-келген қызметкер тиісті жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, сіздерді де жемқорлыққа қарсы бірге күресуге шақырамын! Полиция қызметкерлері тарапынан болған жемқорлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыздар менің жекеме хат қалдырып, міндетті түрде хабарлаңыздар. Сіздер әділдікті талап еткенде ғана, таза қоғам қалыптастыра аламыз.
Ntime.kz