Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі тетіктерінің бірі болып саналады. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар санынан денсаулық сақтау саласы көш басында. Жыл басынан бері аталған бір ғана саланың өзінде 24 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Жемқорлық — әр саланың аспандап дамуына айтарлықтай кесірін тигізеді. Әсіресе адам өмірімен тікелей тығыз байланысты салада пара беру пара алу, мемлекеттік қаржыны жымқыру секілді фактілердің жиілеп кетуі мамандарды алаңдатуда. Осыны ескерген мамандар сала қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп тұрады.
Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында іс-шаралар өтуде. Шымкент қалалық Денсаулық басқармасына қарасты №6 қалалық емханада ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Жазира Әлжанова мен бас имам Тажибаев Есалы Жанибекұлы жиын өткізді.
Аталған жобаның мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — өзекті мәселе. Сыбайлас жемқорлықпен күресте, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына деген сенімін нығайту бүгінгі таңдағы басты міндет. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып саналады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тақырыбы аясында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда арнайы семинарлар, дөңгелек үстелдер мен байқаулар өтуде.
Жалпы, мұндай іс-шаралар әр мемлекеттік салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын нәтижелі жүргізуге, әр азаматтың құқықтық мүддесін қорғауға, алдын ала жемқорлық іс-әрекеттерден қорғауға, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.