Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Созақ ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұратов Нұрлан Жақыпұлы бастаған Д.Омарбекұлы атындағы жас сақшы сыныбының оқушыларымен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Жылысбаев Мырзахмет ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, ардагерді айтулы мерекемен құттықтады.
Іс-шараға сондай-ақ Созақ ауданының прокуроры Е.Қожабеков, аудандық соттың төрағасы А.Дауренбеков, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлім бастығы Д.Тастанов және Созақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы М.Даулетбаев қатысты. Қонақтар ардагерге ізгі тілектерін білдіріп, елге сіңірген еңбегі мен ерлігі үшін алғыс айтты.
Шара барысында қарияның иығына шапан жабылып, бағалы сыйлықтар табысталды. Жас ұрпақтың ықыласы мен құрметіне риза болған Мырзахмет ата өз естеліктерімен бөлісіп, бейбіт күннің қадірін біліп, елді сүюге шақырды.
Ардагер өмірінен бір үзік сыр
1926 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылында дүниеге келген Жылысбаев Мырзахмет еңбек жолын 1942 жылы жеті жылдық мектепті аяқтаған соң қарауыл, табельші және сауат ашу мектебінде мұғалім болудан бастаған. 1944 жылы 92-автоатқыштар полкінің құрамында Ұлы Отан соғысына аттанып, фашизмге қарсы күресте жауынгерлік ерлік танытқан. Ерлігі үшін арнайы медальмен марапатталған.
Соғыс кезінде полк штабының хатшысы, кейін ерекше бөлім қызметкері ретінде құпия тапсырмаларды орындаған. Соғыс аяқталған соң әскери салада қалуға ұсыныс алғанымен, білім беру саласына қайта оралып, туған елге қызмет етуді жөн көрген.
Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты тәмамдаған ол Шолаққорғандағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, кейінірек Ғ. Мұратбаев, Қ. Рүстемов, А. Макаренко атындағы мектептерде директор болып қызмет етті. Ағарту ісіне қосқан зор үлесі үшін “Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі” төсбелгісімен және бірнеше Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бүгінде ардагер Мырзахмет Жылысбаев Сызған ауылдық округінде тұрады. Ол – елге еңбегімен де, ерлігімен де танылған Созақ ауданының Құрметті азаматы.