Сайрам ауданы Оңтүстік Қазақстан Индустриялды-Инновациялық Колледжінде «Соғыстың соңғы нүктесін қойған — Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл» тақырыбында кең көлемде жиын өтті. Рақымжан Қошқарбаев — Көкірегімізде ерекше көңіл мен мақтаныш сезімін ұялататын осы бір есімді білмейтін қазақ, осы батырдың ерлігін қайталауды армандамайтын жас ұрпақ жоқ болар, сірә? Өйткені, Рақымжан ерлігі – еріксіз бас идіретін ерен ерлік. Қазақтың нағыз батыр ұлт екендігін дәлелдеген қайсар азамат.
Бүгінгі іс-шараның мақсаты — Рақымжан Қошқарбаев секілді көрнекті қайраткерлердің, тарихи тұлғалардың батырлығы мен олардың ерен еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеуге бағытталды.
Халық қаһарманының айтулы күніне арналған шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы тұғырға әкелініп қойылумен басталды. Бұдан соң колледждің тарих пәнінің оқытушысы Жаңабек Сегізбаев және «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің оқытушылары Зәуірбек Арслан мен Мұхтаржан Абдураимовтің колледж білімгерлеріне алқалы жиын өткізуімен жалғасты.
Аталған оқу ордасы мен Сайрам аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі ұйымдастырған басқосуға ауданымыздың бірқатар арда азаматтары қадірлі қонақ ретінде қатысты. Атап айтқанда, Бахтияр Батаев, Шарафуддин Анварбеков, Абдугаппар Тасходжаев, Нұрахмет Мырзалиев, Александр Суцкий, Ержігіт Балабаев, Нұрлан Сахов секілді ел ағалары тарихи кезеңдерді бір сәт еске алып, батырларымыздың өлшеусіз еңбектері жастарымызға өшпес өнеге екенін жеткізді.
Сондай-ақ, олар колледждегі жастарды оқуда озық ойлы ұрпақ атанып, еліміздің отансүйгіші болуға шақырды. Өз кезегінде, колледж әкімшілігі шараға қатысушы қонақтарға алғыс айтты. Және әрқайсысын арнайы Алғыс хаттармен марапаттап, мәні бөлек тарихи кешті айрықша әсермен аяқтады. Көрермендер кеш соңында естелік ретінде суретке түсіп, ерекше көңіл-күймен қайтты.