Түркістан қаласы Полиция басқармасы жол қозғалысы қатысушыларының арасында жол — көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында нақты іс-шараларды қолға алып келеді. Сондай-ақ тұрғындарды жолда жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру мақсатында үнемі профилактикалық шаралар жүргізіліп келеді. Яғни жолда жүру ережесін сақтау, жаяу жүргіншілердің жолда жүру қауіпсіздігін арттыру бойынша түсіндірмелік әрі арнайы-ақпараттық жұмыстар қолға алынған. Соның бірі Түркістан қаласы “Бекзат” мөлтек ауданындағы Ораз Жандосов көшесі тұрғындарының өтініші негізінде Түркістан қалалық Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері аталған көшеге жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер өтпе жолын сызып,жаяу жүргіншілер өткелі жол белгісін орнатты.
Ендігі кезекте тұрғындар көше бойында жол ережелерін сақтап, өз қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, сондай-ақ жолда ұқыптылық пен қырағылықты жоғалту болып табылады.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауды ескертеді. Мектептер мен балабақшаларға жақын жерлерде, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде, қоғамдық көлік аялдамаларында және аулаларда жүрген кезде өте мұқият болыңыз. Тұрғын үй аймағында автокөлік жүргізушілері жылдамдық режимін сақтауы керек және тек жүру бөлігіне ғана емес, тротуарлар мен балалар алаңдарына да назар аударуы керек.