Ай сайын 2 күн қатарынан өтетін «Жолда қабылдау» республикалық акциясы қазан айында да өз жалғасын тапты. Яғни, бүгін 15-қазан күні таңғы сағат 09:00 ден кешкі 19:00-ге дейін полицейлер тұрғындарды «Азаматтарды қабылдау кеңсесінде» қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдарда жүргізушілерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, жол қозғалысы ережесі, статистикалық мәліметтер жазылған арнайы жаднамалар таратты. Айта кетер жайт, бұл жолы полицияға жергілікті тұрғын: «Неге қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары көп болып кетті? Бірінші кезекте қандай қателіктер жіберілуде?-деген өзінің көкейіндегі сұрағын қойды. Ал полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков болса: «Көбіне жол апаттары жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыру себебінен болып жатыр. Мәселен жыл басынан бері орын алған жол-көлік оқиғаларының 53% көлікті қатты айдау салдарынан орын алады»-деп, әрбір мәселені ашық айтып, талдап берді. Сонымен қатар, шетел көліктеріне қатысты заңдарды білгісі келген тұрғын да нақты жауап алып, өз алғысын білдіріп кетті. Ал жүргізуші куәлігінің уақыты өтіп кеткеніне 4 жыл болған егде жастағы тұрғынға, оны қайта қалпына келтіруге еш кедергі жоғы айтылды. Іс-шара барысында облыс тұрғындары Полиция департаментінің фейсбук, Instagram әлеуметтік желілері арқылы онлайн режимде де жүргізілді. Аталмыш акцияның ұтымды тұсы осылай көмекке жүгінгендердің мәселелері жедел түрде шешілуінде. Кезексіз кез-келген тұрғынды қабылдаған облысымыздың тәртіп сақшылары азаматтардың мәселелерін тез арада қарап шықты.
ТО ПД баспасөз қызметі