Жол жиегі тазартылып, арықтар қоқыстан аршылуда

Жол жиегі тазартылып, арықтар қоқыстан аршылуда

Күз мезгілімен бірге жауын-шашын мен түскен жапырақтар қала тазалығына қосымша салмақ түсіретіні белгілі. Соған қарамастан, Қаратау ауданының тазалық саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда.

Бүгінде аудан аумағында жол жиегіндегі шөптер орып, арықтар мен суағарлар қоқыстан тазартылуда. Бұл жұмыстардың мақсаты – жауын кезінде судың еркін ағуын қамтамасыз ету және көшелерде су жиналмауын алдын алу.

Тазалықшылардың айтуынша, жаңбырлы маусымда жұмыс көлемі екі еселенеді. Көшелерде жиналған жапырақтар мен лайды тазарту, арық бойын аршу, тұрмыстық қалдықтарды шығару – бәрі де қолмен атқарылатын ауыр еңбек.

«Жаңбырлы күндері жұмысымыз қиындай түседі. Бірақ біз ауа райына қарамай, қаламыздың тазалығы үшін еңбек етеміз. Себебі таза орта – бәріміздің денсаулығымыз бен жайлылығымыздың кепілі», – дейді тазалық қызметінің жұмысшысы Айгүл есімді тұрғын.

Ал жол бойын тазалап жүрген тағы бір жұмысшы:

«Арықтарды қоқыстан тазаламасақ, жауын кезінде су көше бетіне шығып, жол қозғалысына кедергі келтіреді. Сондықтан күн сайын ертемен осындай жұмыстарды атқарып жатырмыз. Тұрғындар да тазалыққа жауапкершілікпен қараса, бізге үлкен көмек болар еді», – дейді.

Қаратау ауданы әкімдігі тарапынан күн сайын көшелер мен аулаларда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, арнайы техникалар мен қызметкерлер жұмылдырылған. Сонымен қатар, тұрғындардан түскен өтініштер бойынша арықтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару және көшелерді жуып-шаю шаралары тұрақты түрде жалғасуда.

Аудан әкімдігі қала тұрғындарын тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға, арықтарға және жол жиегіне қоқыс төкпеуге шақырады. Себебі әрбір тұрғынның ұқыптылығы мен жауапкершілігі — қаланың келбетін сақтаудың басты шарты.

«Тазалық – мәдениетті қоғамның айнасы. Егер әрқайсымыз өз ауламызды таза ұстасақ, ауданымыз да, қаламыз да көрікті болары анық», – дейді аудан әкімдігі өкілдері.

Қаратау ауданы тазалық қызметкерлерінің еңбегі – көзге көрінбесе де, қала тіршілігінің үздіксіз жүруіне негіз болып отыр. Олар таңғы салқыннан қара кешке дейін еңбек етіп, тұрғындарға таза әрі жайлы орта қалыптастыруда.