Бүгінде ауылға деген ықылас өте ерекше. Сондықтан болар, соңғы кездері елді мекендердің әлеуетін арттыру – басты бағыттардың біріне айналған. Ол үшін сан түрлі бағдарламалар қабылданып, жергілікті жерлерде кеңінен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Жомарт түлек — 2021» жобасы.
Бүгін Т.Рысқұлов ауданында облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы өз жалғасын тапты.
Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін киелі Құлан төрінде аудандағы мектептердің түлектері – қазіргі таңда өңіріміздің атын шығарып жүрген белгілі қоғам қайраткерлері, танымал әнші-сазгерлер, спортшылар, ғалымдар, кәсіпкерлер қатысты.
Кездесуді ашқан Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов елімізге белгілі, түпкір-түпкірде, оның ішінде алыс-жақын шет мемлекеттерде, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жерлестерімізді туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарту, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолында өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған форумның маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Республика мен облыс дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген танымал түлектер жетістікке жету тәжірибесімен және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың бірқатары арнайы келіп қатысса, кейбіреулері бейне-байланыс арқылы қосылды. Форумға санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтай отырып 40-тан астам түлек қатысты.
Олардың қатарында Қожайхан Бижанов, Жигули Дайрабаев, Сұлтан Садықов, Рахманәлі Әбдіқадіров, Түзел Алагөзова, Мейрамбай Дөненбаев, Мақсат Құрамысов, Сұлукүл Дәлібаева, Дүйсенәлі Бықыбаев, Жалғас Толғанбай, Азамат Сатыбалды, Асхат Қылышбек, Мәлік Ақүрпеков, Дана Дидай және Айбол Қараш, Нұрболат Әлдибек, Хамит Есаман сынды қаламы қарымды журналистерді бастаған қаламгер, жазушы Қалыбек Атжан қатысты. Онлайн және офлайн форматында ұйымдастырылған іс-шараға Болат Жылқышиев, Рахматілдә Рахманбердиев, Бақытжан Әлпейісов, Қайрат Бисембаев, Ғалымжан Әбдірайымов, Досымжан Таңатаров, Ермахан Ыбрайымов, Елдос Сметов, Ақжүрек Таңатаров сынды республикаға белгілі жерлестеріміз бейнебайланыс арқылы қатысып, игі бастаманы қолдайтындарын айта келе аудан жұртшылығына ыстық сәлем жолдады. Сондай-ақ, қазіргі таңда АҚШ Калифорниясында Google компаниясының инженері Орынқұл Батырхан мен Литва мемлекетінің Вильнюс қаласындағы «Avia Solutions» компаниясының қызметкері Битай Айдын сынды құландықтар өздерінің құттықтаулары мен ізгі лебіздерін бейнеролик арқылы жеткізді.
Басқосуда ауылдағы айшықты әрі маңызды мәселелер ашық айтылды. Осы күнге дейін түлектердің қолдауымен іске асырылған тірліктер, алға қойған мақсат-міндеттер межеленді. Сондай-ақ, қатысушы түлектер көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді айтып, сол бойынша жұмыс жасауды, қолдан келгенше қол ұшын созатындарын жеткізді.
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ауданда 26 мыңнан астам түлек бітірген. Жоба аясында «Жамбыл-түлек.kz» сайты ашылып, онда 13 мыңға жуық түлектің өмірбаяны, жетістіктері және ел игілігіне жасаған көмектері туралы ақпараттар енгізілген. Форумды 700-ден аса мектеп бітіруші түлектері Zoom платформасы арқылы бақылады.
Форумға келген жерлестеріміз кәде сыйларын да ұмыт қалдырмапты. Қалыбек Атжан өзі жазған кітабының 150 данасын, Дүйсенәлі Бықыбаев «Ән-ғұмыр» атты ән жинағының 100 данасын сыйға тартты. Ал, айтыскер ақын Асхат Қылышбек болса, домбырасын қолға алып, аудан жұртшылығына өз арнауын жолдап, қалың көпшілікті бір серпілтіп тастады. Жиын соңында түлектерге білім бөлімінің басшысы Майра Базарова аудан аумағында алдағы уақытта жүзеге асыралатын жобаларды таныстырып, түлектерді қолдау білдіруге шақырды. Ізінен аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып өтіп, осы күнге дейін жомарттық танытып, жобаға қатысқан түлектерге аудан әкімінің алғысхаты мен «Жомарт түлек» кәдесыйларын салтанатты түрде табыс етті.