Шымкент қаласының Тұран, Шымсити шағынаудандарындағы көпқабатты үйлердің қысқы жылу мерзіміне дайындық барысын пысықтау бойынша баспасөз туры өтті. Іс-шараға қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазір қаланың 23 бөлек орналасқан жылу қазандықтарынан 20-ы қысқы маусымға толық дайындалды. Қалғандарында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
«New city» тұрғын үй кешенінде 8 үйді қысқы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар «Әбдінұр» ЖК сервистік компаниясымен келісімшарт жасасқан. Қазіргі уақытта жылу құбырларын ретке келтіру, жылу қазандығын дайындау жұмыстары толық аяқталды.
–2021 жылы орнатылған екі қазандық жаңа технология бойынша жұмыс істейді. Бүгінде екі қазандық дайындалса, оның бірі резервте тұр. Биыл қазандықтар және үш насос жөндеуден өтті. Мұнда 450 абонентке қызмет көрсетеміз. Біз қысқы маусымға толық дайынбыз, – дейді «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің өкілі Айбек Әшіров.
Көппәтерлі тұрғын үйдің МИБ-ке (Мүлік иелері бірлестігі) өтуіне байланысты үйді күтіп ұстау, тазалығы, инженерлік жүйелерді қыс маусымына дайындау жұмыстары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілген. МИБ төрайымы Ботакөз Қасымова сервистік компаниямен келісімшарт жасалып, оның жұмысы тұрғындар көңілінен шыққанын атап өтті.
Сондай-ақ, Шымсити шағынауданындағы 13, 10 үйдің де қысқы маусымға дайындығы пысықталды. 13 үй басқарушысы Нұрлан Оразалыұлы сервистік компания барлық жағдайды жасап отырғанын айтады.
Жалпы шаһардың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қала әкімінің тікелей бақылауында. Жылу маусымына дайындық шараларына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.