Алдағы жылыту маусымына қажетті көмір қоры жеткілікті

жылыту

Қыстың қамын жазда ойла. Көмірмен қамту жұмыстары Түркістан облысында жаз кезінен бастап қолға алынды. Алдағы жылыту маусымына халық ерте қамдануы үшін қажетті қатты отын қоры жинақталған. Әлеуметтік нысандардың қысқы қор жинау жұмысы қарқынды. Алайда тұрғындар мен жылыжай иелері тарапынан белсенділік байқалмайды. Облыстың 2024-2025 жылдарға жылу маусымына дайындық және көмірмен қамту барысы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.

Алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі – 700,9 мың тонна. Осы күнге қамтылғаны – 157 мың тонна. Өңірде 23 теміржол тұйығы бар. 23 өңірлік операторлар қызмет көрсетеді. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттік мекемелер қажетті қатты отын қорын жинақтауда. Тұрғындар қажеттілігі – 318,1 мың тонна, жылыжайлар қажеттілігі – 282,9 мың тонна.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында 150 мың тонна қатты отын жеткізуге тікелей келісімшарт жасалған. Бұл келісім Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерімен бірнеше рет жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді.

Жеткізу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Жылыжай иелері осы күнге дейін 100 000 тонна тасымалдау қажет болған. Алайда тасымалданбаған. Бұл туралы мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мәлімдеді. Өндірушінің өзінен тікелей өнім алатын өңірлік операторлар халықпен тікелей жұмыс істеп жатыр. Көмір сатылымы ерте басталғанымен, халық тарапынан да белсенділік болмай тұр. Қысқа ерте қамдануды халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі барлық жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.