Шымкенттегі қырғы базарының маңайындағы жабайы сауданың жыры бітер емес. Осы уақытқа дейін сан мәрте көтерілгенімен, баяғы жартас сол жартас күйінде әлі тұр. Салдарынан саудамыз жүрмей жатыр, деген бір топ базар сатушылары құзырлы орындардан көмек сұрайды. Айтыла – айтыла жауыр болған бұл мәселенің түйіні әлі тарқар емес.
Ал, базар қызметкерлері соңғы кездері саудамыздың мазасы жоқ дейді. Орталық қырғы базарының сатушыларысалық пен күнделікті ішіп-жемді қоспағанда, орындарды жалға алу ақысының өзін әрең дегенде айырып жүргендерін айтады. Осы орайда, көкөніс пен жеміс-жидектің көпке шыдамайтындығын алға тартқан олар, шығынға белшеден батып барамыз, дейді. Есесіне, базар сыртындағы жабайы сауда қыз-қыз қайнап тұр. Мұнда, көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрін, арасынан киім-кешек пен ас атасын да табуға болады. Өздерінің бұл тірліктерін заңсыздыққа баламайтын жабайы базар сатушылары санитарлық талап, дегенді мүлдем ұмытқан секілді.
Алайда, базар саудагерлері тауарды таң сәріде көтерме сауда орнынан барып, бірге алатындықтарын айтып ашынуда. Тіпті, жабайы базар сатушылары екі еселеп алуға тырысатын көрінеді. Өйткені, кешке дейін жол бойында оларды өткізу оңай. Базар маңындағы жабайы саудамен күрес жылдар бойы жалғасса да, әлі күнге дейін ешбір нәтиже жоқ. Тіпті, оларға іштен орын да берілген екен. Алайда, алты айдан кейін баяғы әдеттеріне басқан саудагерлер кепіл ақыны сылтауратқан көрінеді. Базар әкімшілігінен бұл туралы егжей-тегжейлі сұрап көрген едік. Жабайы сауданың көркін қыздырғандарға істерінің заңсыз екендігін айтып сан мәрте ескерту де жасалған. Алайда, оған пысқырып қараған жан баласы байқалмайды. Бұл ретте, қалалық Полиция департаментіне том-том хат жазылып, тәртіп сақшыларының сылбыр әрекеті де айтылыпты.
Жыл басынан бері заңсыз саудамен айналасқан 500 жуық азаматқа хаттама толтырылып, айыппұл салыныпты. Тіпті, тұрақты сатушылардың басында бірнеше берешегі бар. Соған қарамастан, заңсыз әрекеттерін жалғастырудан еш қымсынбайды да. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселенің артында кімдер тұруы мүмкін? Қоқысқа деп жиналтын күнделікті қаражат «крышалардың» қалтасына кетіп жатқан жоқ па? Құзырлы орындардан осы мәселені егжей-тегжейлі тексеруді талап еткен базар саудагерлері, көзге көрініп тұрған заңсыздық жойылмаса, сыртқа шығып сауда жасаймыз, деп отыр.
Ntime.kz