«Бір күндік клиника» бөлімшесі болашақ сәбидің саулығын қалтқысыз қадағалайды

Бір күндік клиника

Жыл сайын елде 400 мыңнан астам бала дүниеге келсе, оның 1 пайызы ұрықтың туабітті ақауларымен туады. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды. Сондықтан балалардағы мүгедектікті ерте диагностикалау және профилактика жүйесін құру ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Осыған орай ана мен бала өлімін азайту мақсатында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы 2022 жылы ұрықтың ауытқуларын ерте диагностикалау, жүкті әйелдерді тексеру және кеңес беру үшін «Ұрықты қорғау орталығын» ашқан болатын.

Осы жылы орталық базасында жүктілік мәселелерін уақтылы анықтау мақсатында «Бір күндік клиника» бөлімшесі ашылды. Онда жүкті әйелдер бір күн ішінде қажетті зертханалық-аспаптық тексерулерден, генетиктің консультациясынан өтеді. Біріншіден, жүкті әйел сараптамалық ультрадыбыстық аппаратта ұрықты тексеруден өтеді, содан кейін биохимиялық скрининг үшін қан алынады және 20-30 минут ішінде қолға талдау нәтижелері беріледі. Соңғы кезеңде – жүкті әйелге ұрықтың хромосомалық патологиясының жеке қаупін есептеу үшін консультация беріледі, содан кейін негізделген шешімдер қабылданады.

Кешенде бұл тәсіл мүмкін болатын патологияларды ерте кезеңде анықтауға және ұрықтың өмірі мен денсаулығы үшін ең дәл болжамды алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Сәуле Сансызбайқызы баяндамасында осы салаға қатысты жоспарларымен де бөлісті. Жоспарда шетелдік клиникаларда мамандарды оқыту, шетелдерден тәлімгерлер тарта отырып шеберлік сағаттарын өткізу, балалар ауруханасы базасында кардиохирургиялық, офтальмологиялық, сурдологиялық бөлімшелердің ашылуы, медициналық техникамен жарақтандыру деңгейін арттыра отырып, босандыру және балалық шақ ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту секілді мәселелер қамтылған. Сонымен қатар, 2026 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 200 төсектік перинаталдық орталық салу және 2026 жылға қарай 800 төсекті көп бейінді аурухана құрамында 50 төсекті перинаталдық блокты және 250 төсекті педиатриялық блокты салу алға қойылған.
Алқалы жиында басқа да басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері бойынша, ана мен бала денсаулығы, баласыз отбасыларды мемлекеттік қолдау туралы баяндап, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.