3500-ден аса баланы жүзуге тегін үйрету жоспарлануда

жүзуге

Елімізде шомылу маусымы басталды. Өткен жылы шомылу маусымында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын суда жүзуге тегін үйрету жобасы іске асырылды. ТЖД қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесе 2300-ден астам баланы суда жүзуге үйретті. Биыл да 5 аудан әкімдігімен бірлесе бұл жұмыстар жалғасын табады. Қала аумағында орналасқан бассейн, демалыс орындарымен меморандум түзілген. 2024 жылы жалпы 3500-ден аса баланы жүзуге тегін үйрету жоспарлануда.

Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы   Нұржан Қаракөзевтің айтуынша, қаланың климаттық жағдайына байланысты сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті, демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізіледі. Атап айтқанда, сәуір айынан бері судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 85 рейд ұйымдастырылып, оған жалпы 9652 адам қамтылған.

Биылғы шомылу маусымы кезінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаулысы негізінде жоспар бекітілген. Қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. Олар – Бадам, Қарасу, Сайрам су, Янгишек, Шымкент магистральды каналының қала аумағындағы барлық арналары, Қошқарата өзенінің бастауынан басқа арналары, Текесу, Ақжар су қоймасы, Қайнарбұлақ жасанды көлі, Азат, Көкбұлақ, Сасық каналы. Аталған орындарда 25-тен астам ескерту белгісі орнатылған.

ТЖД құзырлы мекемелермен бірлесе тыйым салынған орындарда тұрғындарға суда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар маусым бойы жалғасын табады.

Бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілерде, адамдар көп шоғырланатын орындарда LED экрандар арқылы «Судағы қауіпсіздік шаралары» бойынша бейнероликтер көрсетілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қаладағы су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелмеген.

ТЖД мәліметінше, 2024 жылы қаладағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы шомылу маусымын тиісті деңгейде өткізу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлерімен рейд жүргізіп, шомылуға тыйым салынған орындарда қараусыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту, су айдындарына тыйым салатын және ескерту қауіпсіздік белгілерін орнату, балаларды жүзуге үйретуді пысықтау жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Департаменттің мәліметінше, өткен жылы шомылу маусымында судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау бойынша 14 тұлғаға айыппұл салынып, 12 тұлғаға ескерту берілген.