Бүгінде автоХҚО-ларында жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі қолданылады. Бұл бөгде адамдардың емтихан тапсыруын болдырмауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
«Биометрия жүйесі – мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жаңа үрдіс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді құралы. Жыл сайын жүргізуші куәлігіне сұраныс артып келеді. Сондықтан біз бұл процесті барынша ашық етуге мүдделіміз. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық адам жүргізуші куәлігін алуға және мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыруға өтініш білдірген.
Үміткер жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін екі емтихан тапсыруы керек – теориялық және практикалық. Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оған кемінде 32 дұрыс жауап берілуі қажет. Ал практикалық емтихан автодромда 12 жаттығудан тұрады. Әрбір үміткердің емтиханды 3 ретке дейін тапсыру мүмкіндігі бар. Үшеуі де сәтсіз болған жағдайда, кандидат келесі емтиханға соңғы емтихан өткізілген күннен бастап алты айдан кейін ғана жіберіледі.
Тағы да айта кететін жайт, алдағы уақытта қазақстандық жүргізушілер құжаттың «қағаз» нұсқасын өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Электронды құжат пен түпнұсқаның күшін теңестіретін заң жобасына сәйкес, электронды цифрлы қолтаңбамен куәландырылған электронды формадағы ақпарат қағаз түріндегі құжатпен тең қолданылатын электронды құжат ретінде танылады. Азаматтық кодексте көрсетілгендей, жеке және заңды тұлғалар цифрлы құжат қызметі арқылы электронды құжатты мемлекеттік органдарға ұсынса болады. «Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстан азаматының жеке басын растау үшін куәліктің электронды көшірмесін көрсету жеткілікті болады.
Қазір олар eGov-та ғана емес, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасында да бар. Мысалы, Kaspi банк қосымшасындағы мемлекеттік қызмет бөлімінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және техникалық төлқұжаттың электронды нұсқасы қолжетімді», — делінген хабарламада. Демек, алда қазақстандық жүргізушілер құжаттардың «қағаз» нұсқасын өзімен бірге алып жүрмесе де болады деген сөз. Мәжіліс мақұлдаған цифрлы құжат туралы заң жобасын енді Сенат қарап, Президент қол қояды. Содан кейін Қазақстанда жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжатты алып жүрмеуге болады.
Бұрын автокөлікті тек автоХҚО-да немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркеуге болатын. Енді автоХҚО-ға бармай, kaspi.kz қосымшасы арқылы рәсімдеп көріңіз. Автокөлікті қосымша арқылы қайта тіркеу үшін автокөлік сатушысы мен сатып алушы барлық қажетті мәліметтерді толтыруы керек.
САТУШЫ: kaspi.kz қосымшасына кіріп, мемлекеттік қызметтер бөлімінен «Автокөлікті қайта рәсімдеу» қызметін таңдауы тиіс. Әрі қарай көлікті тіркеуден шығару батырмасын басып, айыппұл мен салық берешегі туралы ақпаратты тексеруге болады. Бұдан кейін сатып алушының ЖСН нөмірі мен көліктің сатылымға қойылған бағасы толтырылады. Егер сатушы көліктің нөмір белгісін сақтап қаламын десе, тиісті жерге белгі қоюы тиіс. Соңында сатушы электронды қолтаңбасы арқылы көлікті тіркеуден шығарады.
САТЫП АЛУШЫ: қосымшада «Автокөлікті тіркеуге қою» батырмасын басып, көлік жайлы мәліметтерді растайды. Көлікті сатып алу құнын төлеп, мемлекеттік тіркеу нөмірін қай автоХҚО-дан алатынын көрсетеді. Бұдан кейін нөмір белгісі мен техпаспорт, тіркеу үшін мемлекеттік баж салығын төлеу қажет. Көліктің тіркелгендігі жайлы хабар Kaspi қосымшасына 3 сағат ішінде келеді.
Қызмет ақылы. Есіңізде болсын❗ Рәсімдеуді бастамас бұрын Kaspi электронды қолтаңбасын алдын ала алғаныңыз жөн.
«Азаматтар автокөлік орталығына бармай-ақ, көлікті қайта тіркеп, тіпті жүргізуші куәлігін ауыстыра да алады. Бұл азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдеп қана қоймай, қызмет алу барысындағы адами факторды толығымен жояды. Кезекте тұру қажеттілігінен босатып, сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығының артуына ықпал етеді.
Естеріңізге сала кетейік, автоХҚО-ға бармай-ақ, нөмірлік белгіні таңдап, автокөлікті есепке қойып, тіпті мемлекеттік нөмір мен куәлікті жеткізуді онлайн ресімдеуге болады. «МТНБ мен техпаспортты жеткізу» қызметіне eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы тапсырыс беруге болады.
Азаматтраға арналған үкімет әлеуметтік желілерде жүргізуші куәлігіне байланысты алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткенін ескертеді.
Алаяқтар өз құрбандарынан мүмкіндігінше көп ақша тарту мақсатында түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Құжат алудың оңай жолын іздеген клиент қоңырау шалған кезде олар алдын ала төлем жасауды сұрайды, ал жүргізуші куәлігі бір айдың ішінде дайын болатынына сендіреді. Төлемді алғаннан кейін телефонын өшіріп, із-түссіз жоғалып кетеді.
Алаяқтықтың құрбаны болмау үшін бейтаныс адамдарға қаражат аудармаңыз және жеке мәліметтеріңізге мұқият болыңыз. Жүргізуші куәлігі тек автоХҚО-да тиісті емтихандар тапсырған соң уәкілетті орган арқылы берілетінін еске саламыз.
Жүргізуші куәліктерін беру тәртібімен мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында, сондай-ақ egov.kz порталында таныса аласыз.
Ntime.kz