Шипажайға кезек geo-shym.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде биыл іске қосылған арнайы порталда зейнеткерлер шипажай кезегіне онлайн тұрумен қатар кезек ретін бақылай алады. Қазір қалада 92 210 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 ҰОС ардагері мен 1 841 тыл еңбеккері бар. Қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 мың зейнеткерге шипажайға жолдама беріледі. Өткен жылдың қараша айынан бастап «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені іске қосылып, жылына тағы 2 мыңнан астам зейнеткерді шипажаймен қамту мүмкіндігі туып отыр. Осыған дейін азаматтарға шипажайларға кезекке тұру үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына бару міндеттелген болса, қазір өтініштер geo-shym.kz порталы арқылы жолдануда. Жыл сайын сауықтыру орындарында ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтінім түседі. Биыл сауықтыру шараларын ұйымдастыру мақсатында 4 шипажаймен мемлекеттік сатып алу шарты түзілді. Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі», Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісай ауданындағы «Күлпаршын» және Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайларына жолдама берілуде.
Айта кету керек, зейнеткерлер мен денсаулығына байланысты мүгедектігі бар азаматтар үшін елімізде әлеуметтік қолдау санатында жылына бір рет шипажайларға барып, ем-дом қабылдауға мүмкіндік берілген. Бұл мүмкіндікке ие болу үшін арадагерлер жергілікті жердегі әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне барып, өтініш жазып қалдырады.
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда кезекте тұрған 22 мыңнан астам азаматтың мәліметі базаға енгізілген. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағы мамандардың айтуынша, жыл сайын шипажайларда ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтініш түседі. Кезегіне қарай оларға шипажайға жолдама беріліп келген. Былтырдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды.
Зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір орталығы» қызмет көрсетуде. Өткен жылы қарттардың игілігі үшін сыйымдылығы 70 адамды құрайтын «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылған. Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары – бассейн мен фитобочка (шөп буына булау), кітапхана, мәжіліс залы, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген ем-шара бөлмелері қарастырылған.