Қазіргі кезде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылық маңызды әлеуметтік проблемалар қатарына шығуда деп жазады Ntime.kz AA.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді.
«Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл тұрғыда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға қарсы тиімді шаралар үлкен рөл атқарады», — деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында.
Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Шымкент қаласында зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша білім беру мекемелерінде жасөспірімдер мен жастар арасында кездесулер өтіп жатыр. Сондай кездесулердің бірі Шымкент қаласының Қазыбек би атындағы №36 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушыларымен полиция қызметкерлері отбасындағы зорлық-зомбылық, діни ағымдар, сонымен қатар психотроптық заттардың зияндығы туралы профилактикалық түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты жастардың өсіп дамуына қолайлы психологиялы және әлеуметтік жағдай жасау. Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Аталған іс-шараға Еңбекші ауданы полиция басқармасының қызметкерлері мен аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен әр саланың мамандары қатысып өткізілді.