Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда. Облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлескен Халықты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы таныстыру, қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында ағымдағы жылдың 07 желтоқсанында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында №23 мектепте қалаға қарасты барлық мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен семинар өтті. Оған қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы және қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.
Семинардың мақсаты: қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескертуге және жолын кесуге, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған, қабылданып жатқан шаралар туралы таныстыру және «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы өз мәресіне жеткенімен, бұл тақырыптағы үгіт насихат жұмыстары ұстаздар қауымының және қала белсенділерінің тарапынан өз жалғасын табатын болады. Мамандардың айтуынша, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себебі маскүнемдік пен жұмыссыздық салдары болып табылады. Осындай жағдайларда жиі туындайтын бір мәселе бар. Ол тұрмыста зорлық көрген әйелдер өзіне қол жұмсаған адаммен бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейтіндігі. Әйелдердің дені қорқыныштан, болмаса баспанасыз қалмауы үшін көбіне көрсетілген зорлыққа амалсыз шыдауға бел байлайды. Зорлықтан зардап шегушілердің көбісі түрлі себептерге байланысты полицияға хабарласуға асықпайды. Бірі отбасы жағдайының төмендігін ойласа, енді бірі бұл қадамы онсыз да берекесі кеткен шаңырағын одан әрі шайқалтып кетер деп қауіптенеді. Зорлық-зомбылық, егер ол: жұбайлар; бұрынғы жұбайлар; бірге тұратын немесе тұрған адамдар; жақын туыстар; ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасында отбасылық- тұрмыстық қатынастар аясында жасалса, «тұрмыстық» ретінде сараланады.
Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу -бұл тек мемлекеттің ғана емес,сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті екенін естен шығармауымыз қажет. Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесіндегі қос босаға-тәртіп пен мәдениет күллі адам атаулының күнделікті әдеттеріне айналған кезде,біздер мейірімі мол,қайырымды қоғамды құрып ғана қоймай,зорлық-зомбылықсыз балалық шақтың шаңырағын биіктете түскен болар едік. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру бәрі де адамның өз қолында.