Зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Заң күшіне енді!

пайымы

Енді баласы мен әйелін ұрғандар қатаң жазаланады. Күні кеше, яғни 16 маусымнан бастап «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң күшіне енді. Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға 15 сәуірде қол қойды.

Заң бойынша зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтіледі: денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 738 400 теңге көлемінде айыппұл, я болмаса, 200 сағатқа қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамау; адамды ұрғаны үшін 80 АЕК (295 360 теңге) көлемінде айыппұл, 80 сағатты қоғамдық жұмыстар немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу. Сонымен қатар 15 маусымнан бастап зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым өз жұмысын бастайды. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғанын еске сала кетейік.

Бұдан бөлек, 16 жасқа толмағандарға жыныстық тұрғыдан тиісіп, сөзбен қысым көрсетіп қорлағандар да заң алдында жауап береді. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын балалар құқықтары туралы заңға тұңғыш рет «буллинг» ұғымы енгізілген еді. Енді, бұл жәй термин емес, оған да жауапкершілік көзделген. 16 жасқа толған бала өзге адамға жәбір көрсететін болса жаңа заңға сәйкес 10 АЕК айыппұл салады. Егер қайталанса бұл көрсеткіш 30 АЕК дейін өседі. Ал егер 16 жасқа толмаған балаға буллинг жасайтын болса оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады.

Жаңа заңда жол ақысын төлемеген оқушыларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынған. Бала межелі жеріне аман жетуі керек. Ал, құрылыс компаниялары мынадай көп қабатты тұрғын үй терезелеріне құлып орнатуға міндетті. Қажет болса құзырлы орган өкілі тексеріс жүргізе алады.

Мамандар кейде ата-аналар баласын жетім балалар үйіне өздері алып келетінін айтады. Тіпті, тастап кететін көрінеді. Осылайша өз жауапкершілігін мемлекеттің мойнына артып қояды. Ал, бала асырап алатындарға талап пен көмек қатар жүреді. Мысалы, сәбиді өз атына жаздырып туған баласындай тәрбиелеймін десе 75 АЕК көлеміндегі бір жолғы қаржылай көмек беріледі. Егер патронаттық жолмен асырап алса балаға ай сайын 10, ал бағып-қаққаны үшін ата-анасына 35 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұл төлемдер бала кәмелетке толғанға дейін жалғасады.