Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Сондықтан қоғам болып билік пен бірге зорлық-зомбылықтың алдын алуға ат салысуымыз қажет. Осы ретте қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Болашақ колледжінде зорлық зомбылық алдын алу тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге тәжірибелі психолог Атаева Жанат Қалназарқызы, Болашақ колледжінің психологы Абенова Қарашаш Нысанқызы, тәрбие іс жөніндегі басшы орынбасары Сурашова Айнаш Серікқызы, Жастар ресурстық орталығының психолог мамандары Сайдахан Жібек пен Айда Қалдыбай және Болашақ колледжінің студенттері қатысты.
Президент жолдауында айтып өткендей «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.»
«Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын» деген мемлекет басшысының жолдаудағы тақырыптар төңірегінде студенттерге толыққанды насихатталып, өзара сұрақ-жауап алмасты.