Тұрмыстық зорлық-зомыбылыққа жол жоқ

зорлық-зомыбылыққа

Сіздің құқығыңыз аяқталған жерден екінші бір адамның хақы басталады. Бұл цитатаны Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек келтіріп отыр. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында төраға бірқатар басқарманы сынға алып, сөгіп тастады. Айтуынша, отбасындағы зорлық-зомыбылыққа бей-жай қараған қоғам кінәлі.  

 Комиссия отырысында ешбір спикердің баяндамасы қабылданған жоқ. Себебі, төрағаның және мүшелердің сұрақтарына тұщымды жауап болмады. Сыныққа сылтау іздеген кей басқарма басшыларына «есеп үшін ғана есеп» берді деген сын тағылды.

Жиында денсаулық сақтау басқармасының жұмысы да сынға қалды. Жасанды ұрықтандыру бойынша бөлінген квотаның жайы да айтылды.

Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомыбылық. Полиция департаментінің қызметкерлерінің сөзінше, агрессорлардың әйелдері шағымданудан бас тартқан соң бұл қылмыспен күресу әзірге қиындық тудырып тұр. Заңға енетін өзгерістерді күтіп отырғандарын жеткізді.   

Соңғы 7 айда үйдегі жанжалға қатысты 50 мыңнан аса жағдай тіркелген. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын елде 80 әйел таяқтың астында қалып, тіпті кейбірі қаза табады. Кикілжіңнің басты себептері отбасылық құндылықтың өзгеруі, тұрмыстың төмендігі, опасыздық, ойынқұмарлық, әлеуметтік желідегі әсем өмірге еліктеуден туады екен. Дегенмен, бұдан бұлай әйелдерге қол көтеру қылмыс болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойды.

Бұл комиссияның мақсаты – қоғамдағы әйел мен балаға қатысты жасалған түрлі қысымдармен күресу ғана емес, осындай олқылықтардың алдын алу. Өкінішке қарай, әзірге жалпы қоғам санасына қозғау салу мүмкіндігін пайдалана алмай отырғандарын айтты. Комиссия төрағасы бұл тек бір тұлғаның емес, тұтас ұлтпен қоса, елдің зиялы қауымының да көмегін талап ететін дүние. Айта кетейік, Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналған әйелдерге қолдау көрсететін «Ана үйі» және «Самғау» сенім орталығы жұмыс істейді. Оларға орталықта әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіліп, алты айға дейін тұрақтауына мүмкіндік беріледі.⁣Орталық тарапынан қызмет алушы аналардың уақыттарын тиімді өткізуге ерекше басымдық берілген. Яғни, жеке кәсіпкерлік нысандарымен келісім негізінде қолөнер бұйымдарын жасау, шаш әрлеу салалары бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қызмет алушы азаматтар жаңа дағдылар қалыптастыруда