Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамай, қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі қашанда ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Олар күнделікті қарбалас жұмысында жол кептелістеріне қарамастан, халыққа сапалы қызмет көрсетуді көздейді. Ал білікті маман қашан да құрметке лайық. Солардың бірі “Ордабасы” ЖШС-нің жүргізушісі Имамадиев Бимырза Муханбетжанұлы.
Бимырза Муханбетжанұлы 1975 жылы 8 шілде күні бұрыңғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Жусансай ауылында дүниеге келген.
Мектепте оқып жүріп-ақ темір тұлпар тізгіндеп, техниканың тілін ерте меңгерген кейіпкеріміз қоғамдық көлікті 20 жылдан бері басқарып келеді. Әр таңда медициналық бақылаудан өтіп, көліктің техникалық тексерісін қадағалайды. Жұмыс формасының тазалығына да мән беріп, жолаушылар тасымалына асқан жауапкершілікпен қарайды.
“Бүгінгі таңда жүргізушілер қажет емес бірде-бір өмір саласы жоқ. Мен осы мамандықты таңдағаныма өте қуаныштымын. Маған барлығы қызық техниканың құрылысы да, жүргізу де, дегенмен жүргізушінің жұмысы оңай емес. Өйткені қоғамдық көлік жүргізушілеріне қойылатын талап жоғары. Бұл мамандық шыдамдылықты, жолдағы күтпеген жағдайларға тез бейімделуді талап етеді. Бірақ бұл тәжірибемен келеді”, — дейді Бимырза Муханбетжанұлы.
Жұмыс барысында ол өзін еңбекқор, адал, ұқыпты және жауапты қызметкер ретінде көрсетіп, өзінің көп жылғы еңбегі үшін кәсіпорынның және салалық кәсіподақтың мақтау қағаздарымен марапатталған.
Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Кейпкерімізге зор денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне сәттілік, жұмысына табыс тілейміз!