Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды» деп, инвестиция тартудың экономиканың дамуындағы маңызы туралы айтқан болатын.
Осы орайда Шымкент қаласының экономикасына инвестиция тарту бойынша негізгі салалардың бірі құрылыс саласы екені белгілі. Шымкент қаласының құрылыс басқармасымен 2023 жылы бюджет есебінен жалпы 144,9 млрд. теңгеге 160 нысанның құрылысы жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым нысандары, 43 әлеуметтік нысандар бар.
Оның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша ағымдағы жылдың қорытындысымен 230,1 мың шаршы метр құрайтын 3 072 пәтерлі 67 тұрғын үйді (кредиттік — 61, арендалық — 6) пайдалануға беру жоспарланған. Осы жылдың сәуір айында Тұран шағын ауданында 1 көпқабатты тұрғын үйдің (54 пәтер) құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды.
Бұдан бөлек нарықтан 1 405 арендалық пәтер сатып алынады. Оның ішінде 900-і жұмыс істейтін жастарға, 505-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар беріледі. Қазіргі таңда жастарға – 420, ал, аз қамтылғандарға 363 пәтер сатып алынды. Қалған 31 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі.
Ал, инфрақұрылым құрылысына тоқталар болсақ, 2023 жылы бұл бағытта 18 нысан салу жоспарланған. Жыл соңына дейін 12 инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Қалған 6 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.
Сонымен қатар осы жылы 6 млрд теңгеге 3 450 орындық 7 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 5 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды, тағы 1 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады.