Инсульт алған 700-ден астам азаматқа МӘМС негізінде оңалту шаралары жүргізілді

Инсульт

Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде инсульт алған 700-ден астам адам медициналық оңалту шараларымен қамтылды. Науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге қайта оралулары үшін МӘМС есебінен оңалту көмегін көрсетуге 168 млн 387 мың теңге қаржы жұмсалған. Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да асқынған ауруларда отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралуы оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға ерекше көңіл бөлінген.

Шымкентте жалпы МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артты. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульмонологиялық бағыттар бойынша 72 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Оңалту шараларының арқасында өздері жүретін жағдайға, қалыпты өмірге оралған азаматтар қаншама. Емдеу мекемелері былтыр 400 мыңға жуық оңалту шараларын көрсеткен.

МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым, бүгінгі таңда 190 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і – мемлекеттік, 156-сы – жекеменшік медициналық ұйымдар. Ең бастысы халықтың таңдау құқығы бар. Жекеменшік медициналық ұйымдардың ішінде 89 стоматологиялық мекеме МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуде. Балалар мен жүкті әйелдер олардан жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы. Ал, шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер, жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетеді.

Филиал тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Өйткені, халықты сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамту, қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттыру – МӘМС жүйесінде медициналық қызмет берушілерге қойылатын негізгі талаптар. Былтыр, мәселен, емханалар тарапынан уақтылы медициналық қызмет көрсетілмеуіне байланысты 500-ге жуық шағым тіркелген. Азаматтардан түскен 65 шағым бойынша жоспардан тыс мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 22-нің негізділігі анықталған.