Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылауда. Кездесу барысында тұрғындар тарапы аудан аумағында жүзеге асып жатқан инфрақұрылым жұмыстарының сапасына сын айтты. Айтылған мәселені назарға алған аудан басшысы тиісті бөлімге салынып жатқан жолдарға сараптама жүргізуді тапсырған болатын.
Берілген тапсырма аясында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Түркістан филиалының қызметкерлері трассаларда арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен Келес ауданындағы жолдарға бақылау шараларын жүргізді.
Аудан аумағындағы биыл жөндеуден өткен ішкі көшелерде болып, жиек тастары мен асфальтбетон қабатын тексерді. Атап айтқанда Ошақты ауылдық округіндегі Ошақты – 2 көшесінде болған Ұлттық сапа орталығының мамандары арнайы құрылғылар арқылы жолдың сапасын, сметалық құжаттамаға сәйкес салынғанын тексерді. Мамандардың айтуынша Ошақты-2 көшесіне салынған асфальт жабындысының қалыңдығы сметалық құжаттамаға сәйкес келген. Енді оның құрамына, нығыздылығына сараптама жасалып, нәтижесін аудандық ТҮКШ және АЖ бөліміне ұсынатын болады. Осы секілді аудандағы барлық жолдардың сапасына сараптама жүргізіледі.
Айта кетейік, биыл Келес ауданында 104 шақырымды құрайтын 69 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз мердігерлер анықталып, жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев апта сайын ауылдық окугтерге барып жергілікті тұрғындармен кездесуде. Сол кездесулерде тұрғындар аудан басшысынан көше бойларына жол белгілерін, жасанды жол кедергілерін орнатуды сұраған болатын. Аудан басшысы өз сөзінде жол белгілері мен жасанды кедергілер заң талаптарына сай қажетті жерлерге орнатылатынын жеткізген болатын.
Бүгінде халық сұранысы қанағаттандырылып, аудан аумағында 150 дана жол белгілері, 32 дана жасанды жол кедергілерін орнату, 200,0 шаршы метр мектеп аумағына жаяу жүргіншілер жолағын сызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп нәтижесінде «Сарыағаш Сәулет» ЖШС мен ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арасында келісіп шарт түзілген. «Сарыағаш Сәулет» ЖШС 4000,0 шаршы метр аумаққа ойық-шұңқырларды жамау жұмыстарында атқарып шықты.
Ntime.kz