Келес ауданында биыл жылына 700 мың дана темірбетон өнімдерін өндіретін зауыт іске қосылады деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жобаның жалпы құны – 227,4 млн теңге. «Қашқынбаев Б.Ж» серіктестігі қолға алған өндіріс орнының құрылысы 2019 жылы басталған. Биыл іске қосылып 30 адамды жұмыспен қамтиды. Онда құрылыс блоктары мен арықтардың бетон өнімдері дайындалады. Бұл туралы брифингте Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев мәлімдеді.Сондай-ақ, ауданда «Индустриалды инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы құны 998,4 млн теңгені құрайтын 3 жоба ұсынылса, оның ішінде 2 жоба 2020 жылы іске қосылған. Атап айтқанда, жылдық қуаттылығы 20 млн дана қыш өндіретін «ТМстрой 21» ЖШС-ң зауыты мен жылына 30 млн дана қыш өндіретін «AIBI-I (АИБИ-АИ)» ЖШС-і.«Өткен жылы Келес ауданында аумақтық жалпы өнім көлемі 74 млрд 4 млн теңгені құраса, 2021 жылы 78,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Ауданға тартылған инвестиция өткен жылы 12,6 млрд теңгеге жетсе, биыл 13 млрд 5 млн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұдан өзге, ауданда жалпы 83 елді мекеннің 45 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Ол халық санына шаққанда — 79,5%. Сондай-ақ, ауданда халық санының 69,9%-ы таза ауыз сумен қамтылған», — деді Ақментай Үсенұлы.