Келес ауданында шабдалы шаруашылығы қарқын алуда

шабдалы шаруашылығы

Түркістан облысының Келес ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Соның ішінде шабдалы өсіру бағыты ерекше қарқын алуда. Жергілікті климат пен топырақтың құнарлылығы бұл жеміс түрін өсіруге қолайлы жағдай туғызып отыр. Соңғы жылдары аудан шаруалары шабдалы бағымен шұғылдануға бет бұрып, өнім көлемі арта бастады.Өңірге арнайы келген түркиялық инвесторлар ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктерін зерделеп, жеміс-жидек шаруашылығын, соның ішінде шабдалы өсіруді дамытуға қызығушылық танытып отыр. Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев шетелдік мамандарға өңірдің әлеуетін таныстырып, әріптестік орнату жолдарын талқылады.

Бүгінде «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров Түркиядан 15 000 түп «Орион» сұрыпты шабдалы көшеттерін әкеліп, 12 гектар жерге отырғызды. Бұл көшеттер Келес ауданында арнайы дайындалған аумаққа отырғызылып, алғашқы ірі шабдалы бағының негізі қаланды. Жобаның келесі кезеңінде шабдалы бақтарын кеңейту жоспарланған. Бұл бағытта «Ұлы Дала» өндірістік кооперативінің төрағасы Құрманғазы Асанбаев пен Нұржан Умаров бірлесе отырып, көлемі 51,3 гектар жер учаскесіне шабдалы көшеттерін отырғызу жұмыстарын қолға алмақ.

Келес ауданының ауа райы – ұзақ жаз, мол күн сәулесі мен жылы климат – шабдалы үшін өте ыңғайлы. Бұл жеміс жылуды сүйетін дақыл болғандықтан, суармалы егістік алқаптары бар өңірлерде өнімділігі жоғары болады. Жергілікті фермерлер шабдалының бірнеше сұрыпын отырғызып, оларды заманауи тәсілмен баптауға көшкен.

Шабдалы – тез өнім беретін әрі табысы мол жеміс. Жергілікті өнімдер ішкі нарықпен қатар, облыс орталығына, Шымкент қаласына және көрші елдерге де жөнелтіледі. Фермерлердің айтуынша, 1 гектар бақтан 8-10 тоннаға дейін өнім алуға болады. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының көбеюіне және ауыл халқының табысының артуына ықпал етуде.

Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлер Түркия елінен сапалы көшеттер әкеліп, заманауи жеміс бақтарын құруды жалғастырады. Бұл бастама өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Келес ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрін көбейтуге жол ашады. Сондай- ақ ауданда шабдалыны қайта өңдейтін шағын цехтар, сақтау қоймалары мен логистикалық орталықтар салу жоспарлануда. Бұл шаралар өнімнің ысырапсыз жиналуына және ұзақ мерзімге сақталуына сеп болмақ.

Келес ауданында шабдалы өсірудің жандануы – ауыл шаруашылығындағы оң өзгерістердің көрінісі. Бұл бастама ауыл халқының тұрмысын жақсартып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экспорттық әлеуетіне зор үлес қосады. Ал шабдалы бағы – болашағы бар тиімді кәсіптің бірі екені сөзсіз.