Медиация — келісім алаңы

келісім

Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел, халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Елімізде мыңнан астам этно-мәдени бірлестіктер, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында 5 мыңдай қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Сайрам ауданында  қоғамдық келісім кеңестері және өзге ұлттардың  этно-мәдени орталықтары әрдайым ауданымыздағы елдік істердің басында болып, бірлік пен қоғамдық келісім – берекенің бастауы, тұрақтылықтың кепілі, ел дамуының өзегі екендігін аудан жұртшылығына түсіндіруге белсене атсалысып келеді. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтара­лық татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! «Бір­лік бар жерде тірлік бар» дейді дана халқымыз. Бұл сөз текке айтылмаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, қарыштап дамуда.

5 тамыз – Қазақстан медиаторларының кәсіби мерекесі.

Этномедиацияның мақсаты – этносаралық қатынастар мен жалпыұлттық бірлік саласында татулық пен келісімді сақтау.

Медиаторлардың міндеті – халықтар арасындағы қандай да бір тұрмыстық жанжалдар мен дау-дамайлардың алдын алу. Қазақстандықтардың санасында бірлік, тұрақтылық, толеранттылық, патриотизм сияқты құндылықтарды қалыптастыру.

Осы мақсатта Түркістан облыстық “Қоғамдық келісім “ КММ нің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен Сайрам ауданында өткен келелі кездесу өтті. Жиынға аудандық Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиаторы Өтегенова Жұлдыз Төлебекқызы, кәсіби медиатор Даванова Саера Мырзалиқызы, аудандық медиация кеңесі, ақсақалдар және аналар кеңесі мүшелері мен Сайрам аудандық полиция басқармасы қызметкерлері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.

Азаматтар медиациялық келісім жасауға негізінен отбасылық мәселелер, еңбек, әлеуметтік-тұрмыстық даулар бойынша жүгінеді. Медиаторлардың дер кезінде және жоғары біліктілікпен көрсеткен кәсіби көмегі көптеген дау-жанжалдарды өршітпеуге, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға жол ашты. Сондықтан кездесуде медиациялық келісімнің артықшылықтары мен тиімділіктері айтылды.