Бүгінгі таңда өз бизнесін бастап істегісі келетін адамдар көп. Бірақ көп адамдар істі қалай бастап, қаражатты қайдан аларын білмейді. Қазір кәсіп ашам дегендерге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар жасалған.
Кентау қаласында мемлекеттік қолдаумен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқандар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Сондай жанның бірі шаһар тұрғыны, көпбалалы әке — Бақыт Ибраев. Ол биыл өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап, грант жеңіп алған. Оған ол шұжық дайындайтын қажетті құрылғыларды сатып алған.
«Жаңа кәсіпті бастап, бүгінде алға өрлеп келе жатқанына қуанамын. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, ісімді дөңгелетуде үлкен септігі тиді. Сұраныс та артып келеді. Болашақта химиялық қоспалары жоқ, нағыз еттен жасалатын шұжықтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын» -дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер күніне 20-30 данаға дейін таза қара малдың етінен шұжық жасап шығаруда. Қазіргі таңда қала және қалаға қарасты ауыл дүкендеріне ұсынады. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытуды жоспарлап отыр
Сонымен қатар Кентаулық көпбалалы ана Дияра Рүстемова «Детокс бар ашу» жобасын жүзеге асырған. Ол мемлекеттен берілген грантқа қажетті құрылғыларын сатып алып, айына табиғи таза шырынның 4000-ға жуық данасын дайындайды. Бүгінде кәсіпкер шырындарын кептірілген өрік, алма, каркаде, лимон және жалбыздан қайнатады. Өнімдерін қала дүкендері мен тапсырыс берушілерге жеткізіп отыр.
Кәсіпкер бүгінде сусын ыдыстарын Қытайдан алдыртады. Ал, жеміс-жидектердің басым бөлігі өз ауласындағы бақшадан алынады. Ол алдағы уақытта кәсібін ұлғайтып, үлкен цех салуды көздеп отыр. Одан бөлек, қосымша құрылғылар мен сусын ыдысын дайындап шығаратын аппаратты сатып алу жоспарында бар.