Шымкент қаласының әкімі Ф. Сыздықбеков Қаратау ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесулер өткізді. Аталған іс-шаралар халықтың әлеуметтік жағдайымен жақынырақ танысып, тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді тыңдауға және жедел шешім қабылдауға бағытталды.
Кездесулер «Туран-1» шағын ауданы, «Нұртас» шағынауданы, «Тассай» тұрғын алабы, «Мирас» шағын ауданы мен «Шапырашты» тұрғын алабы аумағында ұйымдастырылды. Әрбір елді мекенде қала әкімі тұрғындармен ашық әңгімелесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей қабылдады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол инфрақұрылымын дамыту, көшелерді жарықтандыру, ауыз су, кәріз жүйесі мен табиғи газ тарту, қоғамдық көліктің жүру кестесін реттеу, балалар ойын алаңшаларын көбейту, абаттандыру және экологиялық мәселелер жөнінде көптеген сауалдар қойылды. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау нысандарының жағдайы, көпқабатты үйлердің аулаларын жөндеу және қоқыс шығару қызметінің сапасына қатысты да ойлар айтылды.
Әкім әрбір көтерілген мәселе бойынша нақты түсініктемелер беріп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Тұрғындардың өтініштері күн тәртібінен тыс қалмай, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетіні жеткізілді. Сонымен қатар, кейбір күрделі мәселелерді шешу үшін қала мен аудан әкімдігі тарапынан кешенді жоспарлар жасалып жатқаны атап өтілді.
Мұндай бетпе-бет жүздесулер жергілікті жердегі өзекті проблемаларды тереңірек білуге мүмкіндік береді. Халықпен тығыз байланыс орнату – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Қала әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерінің барлығы да назарға алынып, атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар қабылданатынын баса айтты.
Сонымен қатар, кездесулерде тұрғындардың әлеуметтік тұрмысына қолдау көрсету бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар жайлы да ақпарат берілді. Әкімдік өкілдері тұрғындармен кері байланысты нығайту үшін арнайы байланыс орталығының жұмыс істейтінін жеткізді. Халық тарапынан түскен барлық ұсыныстар талданып, орындалу барысы тұрақты бақылауда болатыны айтылды.
Осы кездесулердің басты мақсаты – халықтың пікірін тыңдап қана қоймай, олардың талап-тілектерін орындау үшін нақты қадамдар жасау. Әрбір айтылған ұсыныс қала дамуының маңызды бөлігі саналып, әкімдік тарапынан жүйелі түрде ескерілетін болады. Бұл бастама тұрғындардың мемлекеттік билікке деген сенімін арттырып, ортақ мақсатқа жұмылдыруға ықпал етеді.