«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осынау тарихи даму кезеңіндегі идеологиялық жұмыстардың негізгі бағыттарын атап көрсетті.
Мемлекет басшысы мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ұлттық идеологияны қалыптастырудың тиімді құралының бірі – кітап шығару ісімен тығыз байланысты екенін баса айтты.
Бізде басқа елдердің шетелдік өнімдері басым – әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Президент: «Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының ай¬уынша, бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 млн кітап бар. Алайда олардың арасында көркем әдебиеттің үлесі шамалы.
Президенттің «кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады» деген пікіріне толық қосыламын. Сондықтан өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз.
Жазушылар одағы «Балалар кітапханасы» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуға әзір. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңі мен жанрын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасауға белсене атсалысуға дайынбыз.
Мемлекет басшысының тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапхананы салу туралы ұсынысы да жазушылар қауымынан қолдау тапты. Бұл кітаптарды қолжетімді етеді және қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты оятуға көмектеседі. Ел Президенті Қазақстан Жазушылар одағының ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, соның ішінде кітап оқитын ұлтты дамыту сияқты маңызды істерге белсене атсалысуы керегіне назар аударды.
Бұл мәселелерде біз Мемлекет басшысымен толық ынтымақтасамыз. Қазақ әдебиетінің дамуына ұдайы қолдау көрсетіп жүргені үшін одақ атынан, жеке өз атымнан алғыс айтамын. Заманауи авторлардың шығармалары сұранысқа ие болуы керек, сөреге шаң жинамауға тиіс. Бұл мәселе бойынша да жұмыс істейтін боламыз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы оқырмандарды рухани азық бере алатын тың туындылар күтіп тұрғанын қадап айтты. «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайтарылуы Жазушылар одағының жұмысына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бұл жоғары баға өзекті, қызықты, танымал туындылар жасаған авторларға ғана беріледі.
Президент ұсынған бастамалар – қоғамның барлық күші жұмылдырылуға тиіс үлкен жұмыстың бір парасы ғана. Шығармашылық зиялы қауым, жазушы қауым өкілдері болып жатқан тарихи өзгерістерден шет қалмауы керек. Біз Әділетті Қазақстанды құруға қатысу ісіндегі жоғары жауапкершілікті түсінеміз.
Жазушылар одағы жаңа қоғамдық әдеп пен жаңа даму парадигмасын қалыптастыру мәселелерін шешуге белсене атсалысады.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы