Елімізде әлеуметтік және инженерлік сапалы инфрақұрылымдар, жұмыс орындары – адамдарды тұрақтандырудың негізгі факторы. Тағы бір басты мәселе – елді мекендерде мал шаруашылығы мен кәсіпкерлікті жандандыру, соның ішінде өнім өндіруші, өңдеуші ірілі-ұсақты шаруашылықтар санын арттыру. Сонда ғана тұрақты жұмыс орындары құрылып, бюджет толығып, елдің еңсесі көтерілері анық. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы «Бизнестің жол картасы», «Бастау Бизнес» жобасы секілді бірнеше бағдарламалар бар. Осы бағдарламалардың нәтижесінде, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың саны бірнеше миллионға жетті. Жеке кәсіп ашқысы келген адамның айналымға жіберетін белгілі бір сомада қаржысы болуы керек. Бизнес бастау үшін осыдан көрініп тұрғандай, жұмыссыз, басы артық қаржысы жоқ адамға ең тиімдісі мемлекеттік гранттың көмегі айтарлықтай зор.
Осы орайда Шымкентте мемлекеттік қайтарымсыз гранттың үшінші легінде «Business.enbek.kz» порталына жалпы саны 1780 азаматтан өтініш түскен. Бүгін үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия отырысы басталды.
25 қыркүйектен 5 қазан аралығында өтеусіз қаражат алуға ниетті азаматтар өздерінің жаңа бизнес -жобаларын комиссия алдында қорғайтын болады. Қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам бірлестіктерінің өкілдерінен құралған комиссияның әрбір мүшесі үміткердің кәсіпті меңгеру деңгейіне, бизнес-жобалардың әлеуметтік әлеуеті мен қаржылай өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігі мен жаңа жұмыс орындарын құруына қарай бағалайды. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету мақсатында комиссия отырысы қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының инстаграм әлеуметтік желі парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетілуде.
Жалпы, Шымкентте биыл әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған 400 АЕК көлеміндегі грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің нәтижесінде 228 азамат грант иегері атанды. Бұл жолы 219 азаматқа грант беру жоспарланған. Қаражат шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға жұмсалады.