Көлкентте газ жүйесі іске қосылды

газ жүйесі

Түркістан облысы соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту бағытында елеулі прогресс көрсетіп келеді. Соның ішінде ауылдық аймақтарды табиғи газбен қамтамасыз ету – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды басымдығы. Газдандыру ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға және отынға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

2025 жылғы деректер бойынша Түркістан облысының тұрғындарының 81,5 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары деңгейлердің бірі болып саналады. Облыс әкімдігі соңғы жылдары газ құбырлары желісін қарқынды түрде кеңейтіп, жаңа елді мекендерді көгілдір отынға қосу жұмыстарын үзіліссіз жалғастырып келеді.

Солардың бірі  Сайрам ауданындағы Көлкент елді мекенінде табиғи газбен жабдықтау желілерінің  іске қосылуы.

Жаңа нысанды іске қосу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.

– Ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Көлкент ауылындағы газ желілерінің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылуда. Бұл – әр отбасының тұрмысына жайлы жағдай жасай отырып, экологиялық ахуалды да жақсартатын үлкен қадам. Оған қоса, көлкенттіктер өте еңбекқор екенін қоғам біледі. Ал көгілдір отын осы іскер тұрғындарға оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына да үлкен үлес қосатыны анық.

Бүгінде Сайрам ауданында 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 88 пайызға жетті. Жыл соңына дейін 100 пайызға жететін болады, – деген Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.

Облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2025 жылы 80 жобаға қаржы қаралды. Биыл 46 жобаның құрылысы аяқталса, 34 жоба келесі жылға өтпелі.

Биыл өңірде жоспарланған 46 нысанның 37-сі пайдалануға берілді. Ал, қалған 9 нысан жыл соңына дейін толығымен аяқталып, іске қосылады. Нәтижесінде жыл қорытындысымен қосымша 43 елді мекен немесе 73 мың тұрғын газбен қамтылады. Осылайша, облыстағы газдандыру деңгейі 75 пайызға жетеді.

Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде.

Елді мекендерді газдандыру – тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды қадам. Түркістан облысы мысалында бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, ауылдардың заманауи энергиямен қамтамасыз етілуі қамтамасыз етілуде. Көлкент ауылының газға қосылуы – осындай жобалардың жемісті нәтижесі болып табылады.