Шымкентте 3 400-ден аса шаруа қожалығы мен фермерлер бар. Оның ішінде 785-і мал шаруашылығы, 6-ы балық шаруашылығы, 4-і құс және 60 шаруа омарта (бал ара) шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруашылықтардың негізгі мақсаты – қала халқын жергілікті жерде өндірілетін сапалы азық-түлікпен қамту үлесін арттыру.
Жыл басынан бері шаруалар 8,8 мың тонна ет бордақылап, қала халқына қажетті 18,1 мың тонна еттің 34 пайызын қамтыған. Шымкенттіктердің жылына сүтті тұтыну қажеттілігі 101,4 мың тонна болса, оның 51,4 мың тоннасын жергілікті шаруа қожалықтар өндіреді. Ал, құс фермаларында өндіріліп жатқан 141 млн дана жұмыртқа шаһарлықтарға қажетті азықтың 83 пайызын қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаудың негізі міндеті де осы – қаладағы азық-түлікті өз қаламызда өндіру. Мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету үшін «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасымен 2023 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен ірі қара, қой, жылқылардың аналық басына арналған жем-шөп сатып алу шығындарын арзандату үшін 234,1 млн теңге қаржы қаралған. Жалпы қала аумағында 62 965 ірі қара, 72 336 қой, ешкі – 5 324 бас, жылқы 10 580 бас, шошқа – 1305 бас, құс – 930 010 құс бар.
Осы мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалану нәтижесінде биыл қала аумағына Дания мемлекетінен ЖК «Эгамназаров» 104 бас және «Бәйтерек» ШҚ 34 бас сүтті бағыттағы ірі қара малдың Гольштейндік, Джерси және Қызыл Даттық тұқымының аналық басын сатып алды. Ірі қара малдың 3 түрлі тұқымын шаруашылыққа алып келудің мақсаты сүттің құнарлылығын және өнімділігін арттыру еді. Сиырлардың бұл тұқымы сүтті бағытта болғандықтан тәулігіне орташа есеппен 24 литрден аса сүт береді. Қазіргі таңда сатып алған ірі қара малдың жартысынан көбі төлдеп жатыр.
Ал, тауарлы жұмыртқа бағытындағы асыл тұқымды 413 000 дана бір тәуліктік балапан сатып алынды. Бұған қоса, қала аумағына қарасты елді мекендерде тауарлы ірі қара малмен айналысатын шаруашылықтарда табиғи жолмен асылдандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Мәселен, етті-сүтті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды шаруашылықтар сатып алып, 25 бас аналыққа жүктемесімен селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Бұған мемлекеттік қолдау мақсатында сатып алынған 1 бұқаға 150 000 теңгеден, селекцияға түсетін аналық басқа жыл сайын шағылыстыру маусымына 10 000 теңгеден беріліп жатыр.
«Шымкент келбеті»