Түркістан облысы – еліміздің мақта өсірумен айналысатын басты өңірлерінің бірі. Соңғы жылдары облыста агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және өндіріс көлемін ұлғайту бағытында бірқатар бастамалар қолға алынуда. Солардың ішінде маңызды жобалардың бірі – тоқыма мата кластерін дамыту.
Түркістан облысында мақта және тоқыма кластерін дамыту жолға қойылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компанияның бас директорымен кездесіп, мата өндіру, киім тігу саласында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.
Аймақ басшысы өңірде мақта-тоқыма кластерін дамытуға аса басымдық берілгенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
– Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құруды қолға алдық. Қазіргі таңда мақта өңдеудің толық циклін қамтитын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сіздер ұсынған жобаларды да зерделеп шықтық. Өңір экономикасына тиімді жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Құжаттандыру жұмыстарын сүйемелдейміз. Шарттарымыз да бар. Талаптарды белгілеп, жіті зерделеп, меморандум жасаймыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жоба аясында жіп иіру желілерін, сондай-ақ, джинсы маталарын шығаратын, киім тігетін өндіріс желілерін іске қосу жоспарланған. Ол үшін Түркістан қаласындағы «TURAN» АЭА аумағынан 20 гектар жер қарастырылуда. Тоқыма өндірістік базасы үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, бірінші кезеңде роторлық иіру өндірісінің, екінші кезеңде сақиналы иіру өндірісінің, үшінші кезеңде джинсы мата өндірісінің құрылысын жүзеге асыру көзделген.
Компания басшысы барлық өңірлер арасынан таңдауы Түркістанға түскенін айтып, жіп иіру және мата шығару бағытындағы жетістіктерімен бөлісті. Жоғары сұранысқа байланысты киім-кешек тігетін зауыт салуды да жоспарлап отырғанын айтты. Құрылыс жұмыстарын биыл бастауға дайын әрі келесі жылы 1 кезең бойынша жұмыстарды аяқтауға ниетті екенін жеткізді.
100 пайыз жергілікті шикізатты (мақта) пайдалана отырып, өнімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде экспортқа бағыттау, соның ішінде Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына шығару көзделуде.
Түркістан облысында іске асырылып жатқан тоқыма мата кластері – тек бір сала емес, аграрлық өндіріс, жеңіл өнеркәсіп және экспорттық бағыттардың тоғысқан стратегиялық жобасы. Алдағы жылдары Түркістан тек мақта өсіретін өңір емес, тоқыма өнімдерін экспорттайтын жетекші орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.