Шымкенттік студенттер тегін медициналық көмекке қиындықсыз қол жеткізеді. Қалада «Денсаулығыңды бағала» акциясы басталды. Оның аясында «Студенттік емхана» тіркелушілері бейінді мамандарға жолдамасыз қаралып жатыр. Мегополистегі 150 мыңға жуық жас аталған медициналық мекемнің қызметін пайдаланады.
«Денсаулығыңды бағала!» тақырыбында қала жастарының арасында профилактикалық акция өтті. Шараны Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және Студенттік емхананың бірлесе ұйымдастырды.
Акция барысында жастар білікті дәрігерлерден денсаулықтарына байланысты тегін кеңес алды. Атап айтқанда, офтальмолог, эндокринолог, кардиолог, онколог, хирург/травматолог, отоларинголог дәрігерлерге көрініп, тексерістен өтті. Сондай-ақ, экспресс анализдер тапсырып, кардиограмма және флюорографияға түсті.
Акцияның мақсаты — жастар арасында түрлі аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау, — дейді ұйымдастырушылар. Ал емханаға келген студент-пациенттер бірнеше дәрігердің қабылдауына, кезексіз оңай кіргенін, олардан маңызды кеңес алғаны айтты.
Орталық «Студенттік емханаға» жалпы саны 150 мыңға жуық адам тіркелген. Мұнда қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне медициналық қызмет көрсетіледі. Айта кетейік, акция 23-26 сәуір аралығында өтеді. Осы күндері кез-келген студент білікті бейінді дәрігерлердің тікелей қабылдауында болып, денсаулығын тексерте алады. Арнайы медициналық мекеме тиісті материалдық базамен, заманауи қондырғылармен және білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген. Өңірде құрылған студенттер емханасының басты қызметі клиенттерге тегін медициналық көмектің кепілді көлемін беруге бағытталған.
Бүгінгі денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі – студент жастардың денсаулығын сақтау мен қадағалау болып отыр. Бұл іс бәрімізге күрделі міндеттер жүктейді. Оған кәсіби біліктілік пен шеберлікке қоса ерекше мейірім аялы алақан қажет деп білеміз. Ұжымдағы барлық қызметкерлерге осындай үйлесім болуын ылғи айтып жүремін. Өйткені туған топырағы мен ата-анасынан, әрі туып өскен бауырларынан жырақта жүрген жас денсаулығынан кінәрат табыла қалса ең алдымен бізден жылы сөз күтеді. Біз осы үдеден шыға білуге тиіспіз, дейді мамандар.
Жоғарғы оқу орнындағы студенттік өзін өзі басқару ұйымының өкілдері студенттік емхананың қызметіне дән риза екендіктерін жеткізді.