400-ден астам науқасқа тегін жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген

медициналық көмек

Шымкентте биыл 4 айда МӘМС қаражатының есебінен 400-ден астам науқасқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Атап айтқанда, аруханаларда ми-қан тамырларының күрделі бұзылыстары, жүрек аурулары және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да аурулар бойынша қымбат бағалы күрделі ота түрлері жасалған. МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі тұрғындар үшін жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызмет пен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекпен қамту аясын да кеңейткен. Азаматтар осылайша ай сайынғы жарна есебінен медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуда. Мәселен, соңғы 4 жылда 13 науқасқа құны 77 миллион теңге тұратын жасанды жүрек отасы жасалған. Жалпы, биыл 1500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету жоспарланған.

Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Бүгінгі таңда 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны – 220 731. Қордың басты мақсаты халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамту. Дегенмен, бүгінгі таңда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жағдайы ерекше назарда. Шымкент қаласы бойынша жағдайы өте мүшкіл Е санатындағы 9555 адам тіркелген. Жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарды медициналық көмекпен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда барлық жауапты басқармалар тарапынан әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қайтарымсыз грант және кәсіптік оқыту арқылы жұмыссыз адамдарды қамту және денсаулығына байланысты жұмысқа қабілетсіз, бірақ мүгедектік тағайындалмаған азаматтарды емдеу мекемелері медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссия қарауымен қамтамасыз ету көзделген.

Шымкентте жалпы МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артты. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульмонологиялық бағыттар бойынша 72 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Оңалту шараларының арқасында өздері жүретін жағдайға, қалыпты өмірге оралған азаматтар қаншама. Емдеу мекемелері былтыр 400 мыңға жуық оңалту шараларын көрсеткен.