Елімізде дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қолданылып келеді.
Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. Әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды. Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін анықтайды.
Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс. Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады.
Қазіргі уақытта татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
Сөз соңында аталған заң, өркениетті елдердегідей бейтарап медиаторды тарту арқылы істі бітімге келтіріп, заманауи құқықтық жүйенің дамуына ықпал етуі тиіс. Елдегі медиация институтының дамуына мемлекеттік билік органдары барынша қолдау көрсетіп, институттың кең құлаш жаюына ықпал етуі қажет. Өйткені медиацияның біздің елімізде болашағы зор. Оны бір деңгейде қолдасақ, медиация халқымызға игі әсерін тигізері анық.
Серік Кәрім, Шымкент қаласының мамандандырылғанауданаралық экономикалық сотының судьясы.