Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен үгіт-насихат науқаны аясында Өскемендегі «Восток молоко» корпорациясына барды.
Үміткер әуелі ұжым қызметкерлеріне өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бөлімдерін түсіндірді. Жиынға қатысқан жұмыскерлердің тарапынан экономикалық реформалар мен азаматтық қоғамды дамытуға қатысты сұрақтар туындады. Өз кезегінде кәсіпорын басшысы Сейілжан Сайлаубаев инфляцияның өсуі, халық пен бизнестің несиеге батуы, ең төменгі жалақы көрсеткіші сияқты проблемалық мәселелер бойынша пікір білдірді.
М.Қажыкен айтылған пікірлермен келісіп, бұл тақырыптардың басым бөлігі сайлауалды бағдарламаға енгізілгенін айтты. «Бүгінгі таңда ең төменгі жалақының қалай анықталатыны белгісіз. Мен оны индекстеуді ашық етіп қана қоймай, ЭЫДҰ (экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) дамыған елдерінің деңгейіне жеткізуді ұсынамын. Тиісінше ЕТЖ 60 мың емес, кем дегенде 150 мың теңгені құрайтын болады», деді кандидат.
Ол алдағы уақытта еңбек саласында әлеуметтік әріптестікті дамытуды жоспарлап отырғанын жеткізді. «Кәсіпкерлер мен кәсіподақтар кез келген мәселелерді бірге шешуге тиіс. Ал көшбасшы заң болуы керек. Біз әркімнің мүддесі ескерілетін және әр азамат өзі үшін шешім қабылдауға, өз мүдделерін қорғауға құқығы бар мемлекет құрып жатырмыз», деп атап өтті кандидат.