Мейірім — жан шуағы: Ерекше жандар мерекелік қуанышқа кенелді

Мейірім

Ерекше жандар ерекше қамқорлықты қажет етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және оларды қорғау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты саналады. Қолдауға мұқтаж топтардың мәселелерін шешу қай кезде де бірінші кезектегі өзекті проблемалардың қатарында.

Елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдар құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылуда.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар 725 мыңнан астам адамға қолдау көрсетіп жатыр. Олардың арасында жұмысқа қабілеті бар 420 мың азамат болса, мүгедектігі бар балалар саны 109 мыңнан асып отыр. Ерекше қажеттіліктері бар үшін оларды оқшаулау, кемсітушілік, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, еңбек нарығындағы тең емес мүмкіндіктер, әлеуметтік қызметтер сапасының төмендігі және басқа да мәселелер әлі де өзекті болып тұр. Оларды шешу үшін ведомство жүйелі түрде дәйекті шешімдер қабылдауда.

Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісі мүгедектігі бар адамдардың күні атап өтіледі.

Айтулы күнге орай, Шымкент қаласында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен “Мейірім — жан шуағы” атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекеген келген қонақтар алдымен қаламыздағы ерекше жандардың қолымен жасалған түрлі бұйымдардан жасақталған көрмені тамашалады. Мұнан соң мерекелік кештің екінші бөлімі — концерттік бағдарламаға ұласты.

Концерттік кеште 300-ге жуық мүгедектігі бар азаматтар, қаламыздағы “Шымкент концерт” ұйымы өнерпаздарының әсем әні мен мың бұралған бишілердің өнерін тамашалады.

“Шымкент цирк” мекемесінің сайқымазақтары мерекенің одан әрі көңілді өтуіне өз үлестерін қосты. Кеш соңында мүгедектігі бар жандарға демеушілердің есебінен сыйлықтар үлестірілді.