Мектеп инспекторлары қызметі пайда болғанына көп бола қоймаса да, тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келеді. Оның қызметі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, оларды бұралаң жолдың қалтарысынан да қорғау болып табылады. Мектеп инспекторының көмегімен оқушылар қоғамдық тәртіптің негіздерін түсіне бастайды. Бастауыш сынып оқушыларына жолда жүру ережелерін білу — жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді десек, оны үйрету инспектордың міндетіне кіреді. Ал, ата-анасымен сөйлесу арқылы бала өміріне қатысты күнделікті жағдайды қадағалап отырады. Оқушының сабақтан қалмауы, сабақ үлгерімі, сыныптастарымен достығы, мінез-құлқының өзгеруін де назарда ұстайды. Осындай жауапты істерді атқарып жүрген Шымкент ҚПД Абай ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Айнұр Қарабаева. Оның ішкі істер саласындағы еңбек өтілі 20 жылға жуықтады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін полиция қызметіне келгеніне еш өкінген емес. Әр тапсырманы сапалы атқарып, ювеналды полиция бөлімінің қызметін жетік меңгерген Айнұр Абайқызы ұжымында сыйлы әріптес. Қиын да жауапты қызметіне қарамастан, ол өз балаларының тәрбиесімен де айналысып келеді. Полиция майоры Айнұр Абайқызы 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отыр. Оның үлкен ұлы Даниал 15 жаста. Бұл жаста ол кәсіби дзюдошы және көптеген спорттық марапаттардың иегері. Полиция майорының екінші ұлы – Алуарис 7-сынып оқушысы. Ал кішкентай қызы – Айару 8 жаста. Жұмыс кестесінің тығыз болғанына қарамастан, балаларына көңіл бөлуді ұмытпайтын үлгілі ана. Ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы полиция майоры Айнұр Абайқызы қалыптасып келе жатқан жасөспірімді қоғамның толыққанды азаматы етіп тәрбиелеуде ата-анасы мен ұстаздарының, мектеп инспекторларының үлкен үлесі барын өз қызметімен дәлелдеп келеді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі