Өңірде облыстық білім беруді дамыту орталығының «Аралас мектептерде мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын көтеру» жобасы аясында «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалдық сауаттылық, патриотизм» атты онкүндік басталды.
Осы орайда, Сайрам аудандық білім беру бөлімімен бекітілген жоспарға сәйкес, ауданға қарасты орыс, өзбек тілдерінде оқытатын мектептерде онкүндіктің іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Мемлекеттік тіл — менің тілім» тақырыбында Алаш қайраткерлерінің қазақ тілі туралы шығармаларын оқу челленджі басталды. Аталған челленджге барлық білім беру мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары қатысуда.
Ашылу барысында оқушылар тіл туралы ақындардың өлең шумақтарын мәнерлеп айтып, мақал-мәтелдерден жарысты. Сонымен қатар, ұлттық ойындар ойнап, ән шырқап, ұлттық би орындады. Мектеп ішінде киіз үй орнатылып, ұлттық тағамдар мен сусындар көпшілікке таныстырылды. Өз кезегінде ұстаздар оқушыларға мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін түсіндірді.
Онкүндіктің аясында өтетін іс-шаралардың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттауға, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеруге, сауатты сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындыларын жас ұрпаққа насихаттау, мемлекеттік тілге құрмет көрсетуге шақыру, отаншылдыққа тәрбиелеу, сонымен қатар патриоттық сезімін оятуға бағытталған.