Мен тағдырыма ризамын

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында түрлі кезеңдерден өтті. Аллаға шүкір, бүгінде еліміздің тұғыры биік, шекарамыз айқын. Отыз жылда осындай деңгейге жеткізген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың еңбегі ерекше. Қазақстанды мәдениетте, спортта, түрлі халықаралық келісімдерде әлемге паш етті. Жазық даладан қала салып, оны елордаға айналдырды.

Ал, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев еліміздің бүгініне серпін беріп, ел экономикасының өркендеуіне, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға күш салып отыр. Жастарымыз әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқу орындарында білім алып жүр. Мұның бәрі— елдегі тұрақтылықтың жемісі. Ең басты байлығымыз – бейбітшілік, еркіндік. Біз соны түсініп, қадірін білуіміз керек. Мына кішкене ғана ұжымды басқарып, көпшілікпен жұмыс істеген кезде көшбасшы болудың, көпті басқарудың қиындығын түсіндім. Сондықтан ел билігіндегі ағаларымызға жүктелген міндеттің ауыртпалығын ұғынуымыз керек.

Мен тағдырыма ризамын. Егемендіктің арқасында өз Отаныма оралдым. Мен Қазақстанды өнер елшісіндей әлем сахналарында танытып келемін. Біз — өз еліміз, атамекен жеріміз бар бақытты халықпыз.

Барша отандастарымды ұлық мереке — Республика күнімен құттықтаймын! Іссапарда жүрсем де, шымкенттіктерге ыстық ықыласыммен мерекелік көңіл-күй, әр отбасына бақ-береке, ынтымақ тілеймін! Мерейлі мерекеміз құтты болсын!

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ,

Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері