Мобильді қосымша алаяқтардың жайлы мекеніне айналған. Бұған дәлел мына жағдай. ОLX» қосымшасы арқылы автокөліктің 4 доңғалағын сатылымға қойып, алушының қаржысын алдын-ала аудартып алып, бой тасалаған. Оқиға Шымкентте, 2022 жылдың 5-қазанында орын алған.
Абай АПБ-ның кезекші бөліміне 21 жастағы қала тұрғыны арызданды. Ол арызында, бейтаныс азамат «ОLX» қосымшасы арқылы 4 дана автокөлік доңғалағын сатамын деп сеніміне кіріп, ақшасын аударта сала тауарды да ол үшін төленген қаражатты да қайтармай, ұялы телефонын сөндіріп, хабарсыз кеткенін жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 90.000 (тоқсан мың) теңгені құрап отыр.
Аталған жайт ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдіктіні тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 23-те, жұмыссыз.
Қазіргі кезде полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 12 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелді. Қылмыскерлер 7 млрд теңгеге шығын келтірді. 571 интернет-алаяқ ұсталып, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. SMS арқылы алаяқтық туралы халықты бірыңғай хабардар ету туралы 4 тамызда Ішкі істер министрінің Цифрлық даму министрлігінің өкілдерімен және байланыс операторларымен кездесуінде айтылған болатын. Мобильді байланыс Қазақстанның әрбір тұрғынына, тұрғылықты және орналасқан жеріне қарамастан, SMS арқылы алаяқтық фактілері туралы ақпарат жеткізуге, жедел хабардар етуге мүмкіндік береді. Қазір Kcell қолданушыларына ескертпе SMS-тер жіберілді. Тарату жүйесінің шектеулеріне байланысты SMS мәтіндеріндегі таңбалар саны шектеулі. Сондықтан хабарлама мәтіні қысқартылған. Тәртіп сақшылары тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.
Ntime.kz