Мың алғыс саған, туған ел!

Мың алғыс саған

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Шымкент қаласы Достық үйі алдында «Мың алғыс саған, туған ел!» тақырыбында іс-шара өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен бастау алған жиын аясында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өз сөзінде Алғыс айту күнінің маңыздылығына тоқтала отырып, жаңа Конституцияның қоғамдағы орнына ерекше мән берді.

– Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күні деп жариялануында үлкен мән бар. Табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті терең түсінген халқымыз көктемнің жылуын жан жылуымен сабақтастырған. Бұл күн – ізгілік пен мейірімділікке үндейтін мереке ғана емес, сонымен қатар еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің берік негізі – жаңа Конституция қағидаттарымен тығыз байланысты. Ата Заңымыз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамдық келісім мен татулықты нығайтуға қызмет етеді. Сондықтан алғыс айту – өзара құрмет пен сенімге құрылған құқықтық мемлекет құндылықтарын дәріптеу, – қала басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты Арзу Гурбанова сөз сөйлеп, ең алдымен өз алғысын білдіріп, бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтауға үлес қосып жүрген азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Ол қоғам игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген әрбір жанның еңбегі құрметке лайық екенін атап өтті. Сөзінің жалғасында спикер Конституцияның ел бірлігі мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі айрықша маңыздылығына тоқталып, Ата Заң – Қазақстан халқын ортақ мақсат пен құндылықтар төңірегіне топтастыратын басты құқықтық құжат екенін айтты. Сонымен қатар, Конституцияда бекітілген теңдік, өзара құрмет және келісім қағидаттары қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың берік негізі екенін жеткізді.

Мерекелік іс-шара барысында ардагер, ұстаз, медбике, спортшы, полиция қызметкері, тазалықшы сынды түрлі сала өкілдеріне «Алғыс қоржыны» сыйға тартылды.

Сонымен қатар қалалық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі О. Камалов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Жастар орталығының» директоры Е. Анарханұлы, М.Сапарбаев атындағы Орта Азия инновациялық университеті студенті Х. Абдуллаев сөз сөйлеп, қазақ еліне және қоғам игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Айта кетейік, іс-шараға қала әкімінің орынбасары, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым өкілдері, зиялы қауым мүшелері, этномәдени бірлестіктер белсенділері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шымкент қаласы iшкi саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметі

Алғысайтукүні #Деньблагодарности #Шымкент