АЭС энергетиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді

мүмкіндік

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында электр энергиясының үдемелі тапшылығы байқалады. Қазақстанның негізгі өндіруші қуаттары – бұл КСРО кезінде салынған энергия жылу көздері, олар өз ресурстарын тәмамдап келеді және жуық арада алмастыруды қажет етеді. Сонымен қатар, парниктік газдар шығарындыларымен байланысты жаһандық экологиялық сын-қатерлерді ескере отырып, біздің мемлекет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытын қабылдады. Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген. Қазақстанда қазба отындарын жағуға негізделген энергетика дәуірі, бүкіл әлем сияқты, өзінің логикалық соңына біртіндеп жақындап келеді. Осыған байланысты біздің энергетикалық жүйеміз жаңа ірі базалық генераторлық қуаттарды енгізуді, жалпы жаңғыртуды және әртараптандыруды аса қажет етеді. Бұл міндетті электр энергиясының жаңа экологиялық таза базалық көздерін енгізу және ЖЭК дамыту арқылы кешенді түрде шешу қажет.

ЖЭК – бұл маневрлік, яғни тұрақсыз генерация көздері. Мұндай технологиялар енгізіліп жатыр және олардың еліміздің энергия өндіруге қатысу үлесі өсіп келеді. Дегенмен, бұл үлес кез келген мемлекеттің барлық генерациялаушы станцияларының белгіленген қуатының белгілі бір шегінен аспауы тиіс және Қазақстан Республикасы, әрине бұдан тыс қалмайды. ЖЭК генерациясы тұрақсыз және көптеген факторларға – күннің, желдің және басқа да табиғи-климаттық факторлардың болуына байланысты. Сонымен қатар ЖЭК көмегімен өндірілетін электр энергиясының коммерциялық тиімділігі мәселелерін де толығырақ қарастыру қажет.