Түркістан қалалық полиция бөлімінің басшысы Бауыржан Жанаев Әлихан Бөкейхановтың елге қызмет ету туралы айтқан сөзімен жас ұстаздарға ерекше әсер қалдырды:
– Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден демекші, мемлекет мүддесіне жұмыс жасау белгілі бір шенеунік қызметімен шектелмейді, қарапайым адам ретінде сіз болашақтың дамуына үлес қоса аласыз.
Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының директоры Бақытжан Тәлімбет Анджела Ли Дакворттың «Табандылық» кітабын еске алды:
– Өмірде жетістікке жетелейтін басты фактор – талант немесе туа біткен қабілет емес, табандылық пен өз ісіне деген құштарлық деп жазады Анджела Ли Дакворт. Осы қасиеттерді игерген әрбір мұғалім табысқа жетіп, өз саласында үздік болатынына сенімдімін.
Облыстық жастар орталығының басшысы Ерасыл Төлебаев жас ұстаздарға IQ, EQ, SQ сияқты интеллект түрлерін меңгеруге кеңес берді:
– Мұғалім – оқушы өміріндегі маңызды тұлға. Сондықтан да ол ізденімпаз, жаңашыл, дамуға құштар, заман ағымына сай жұмыс істеуі керек. Ол үшін сізде IQ, EQ, SQ секілді жоғары интеллектуалды қабілет болуы керек. Сонда сіз мінсіз ұстаз атанып, үздік шәкірт тәрбиелейсіз!
«Томаға тұйықпын» кітабының авторы, ақын, Педагогикалық шеберлік орталығының өкілі Абай Қалшабек жас мұғалімдерді өз кәсібіне адал қызмет етуге және педагогтің жүрегіндегі жалынды сөндірмеуге шақырды.
Жас мұғалімдер әр мотивациялық спикерді, барлық тренер мен тәжірибелі әріптестерді бар ынтасымен тыңдады. Форум барометрі жаңа буын педагогтерінің Түркістандағы NIS-тен өз мектептеріне кәсіби даму үшін зор мотивациямен оралатынын көрсетті.