МӘМС жүйесінде дербес төлеушілер саны артты

дербес төлеушілер

Шымкентте 900 мыңнан астам азамат медициналық сақтандырылған. Оның ішінде жұмыс істейтін 250 мыңға жуық адамның МӘМС жарнасы жұмыс беруші мен жалақысынан тұрақты түрде аударылуда. 7000-ға жуық адам жарнасын дербес төлеуші ретінде төлейді. Жеңілдік санатындағы 722 529 шымкенттік мемлекет есебінен сақтандырылған.

Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтамасыз ету және сапалы медициналық көмек көрсету бойынша осы және өзге де өзекті мәселелер қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен өткен штаб отырысында айтылды. Аудан әкімдері мен барлық басқарма басшылары қатысқан жиында тұрғындардың медициналық сақтандыруға қатысты мәселелері кеңінен талқыланып, жауапты шешімдер қабылданды.

Штаб отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ляззат Алимова атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндап, МӘМС жүйесінің артықшылықтарын атап өтті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қазіргі уақытта тұрғындар арасында сұранысқа ие болып, денсаулық сақтау саласында оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. МӘМС аударымдары мен жарналары түспейтін азаматтар да тегін кепілдендірілген медициналық көмектің кепілді көлемі (ТМККК) аясында медициналық қызметтерді ала алады. ТМККК ҚР азаматтары, қандастар, босқындар, ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін бюджет есебінен көрсетіледі.

Атап айтқанда, жедел медициналық көмек (оның ішінде медициналық авиация); алғашқы медициналық-санитариялық көмек; созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттерді динамикалық байқау; шұғыл медициналық көмек; созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде күндізгі, тәулік бойы және үйдегі стационарда медициналық көмек; туберкулез кезінде оңалту және 1 кезеңді оңалту; донорлық; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметтері қарастырылған.