Бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсының жаршысы, халық қастерлейтін «Наурызнама» онкүндігінің 19 наурыз – Жаңару күніне орай Шымкент қаласы №2 Оқушылар сарайында «Армысың, әз-Наурыз!» мерекелік іс шарасы өтті. Ашық аспан астында, алты қанат киіз үй мен алтыбақан аясында «Наурыз думан» композициясында қазанат мінген жаршылар көктемнің, Наурыздың келгенін дүйім елге сүйіншілесе, жұлдызшылар биылғы жылдың жай-күйін болжап, Қыдыр ата жиналған көпшілікке ақ батасын берді. Әжелер алқасы қазанға наурыз көже дәндерін салып, әр тағамның символикалық мәнін түсіндіріп, тәттіден шашу шашты.
– Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесінде өздеріңізбен қауышып отырғаныма қуаныштымын! Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Әз Наурыз келіп, әлемге табиғат жылы шуағын жайып жатыр. Күн күліп, адамдар әдемі мейірімге бөленуде. Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, әрбір жаңа күн әр отбасына шат көңіл, бақыт және береке сыйласын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деді №2 Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев құттықтау сөзінде.
Жер әлемді жайнатып, наурыз тойын тойлатып келген Ұлыстың ұлы күніне арналған «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс шарасына ата-аналар мен оқушылардан бөлек, қаладағы бірқатар мекеме мен білім ордаларының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
«Бұрын Наурызды ауылда жотаның басына шығып, біреу кеспе көжесін, екіншісі бидай көжесін істеп әкелетін. Сөйтіп ауыл болып тойлайтын едік. Бүгін қала жағдайында Наурызды әдемілеп тойлаудың куәсі болып отырмыз. Жаңарып, мүмкіндігінше ұлтымыздың болмысына жақындап жатқан заманда балаларымызды қазақылыққа тәрбиелеуге шақырамын. Мерекелеріңіз құтты болсын!» — деген лебізін білдірді Шымкент қаласының «AMANAT» партиясы» ҚБ Қаратау аудандық филиалы» басшысы Әбдез Иманқұлов.
Мерекелік жиынның «Көктем» композициясында Халық аспаптар оркестрі «Еркесылқым» күйін орындаса, қобызшылар ансамблі «Илигай» күйін тартып берді. Наурыз әні шырқалып, Көктем вальсі орындалды. Жастар жағы қыз бен жігіт айтысын жасап, көпшілікті таңдай қақтырды.
Ұлыстың ұлы күніне арналған жиында Оқушылар сарайының 6 бағыты 6 ауыл болып, көнеріп, қолданыс аясы тарылған немесе ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізден көріністер қойды. Ұлттық құндылықтарымыз насихатталып, құдаласу мен сырға салу, ауылдың алты ауызы, әжелер әні бесікке салу, шілдехана тойы, тұсау кесу, жақсының орнына аунату, айтыс, селт еткізер, ұйқыашар, ұршық иіру, киіз басу, асық ату, арқан тарту, қол күрес, гир көтеру, қазақ күрес, тоғызқұмалақ, қымызмұрындық, жарамазан айту сынды жөн-жоралғылар көрсетілді. 6 ауылдың қай-қайсысы да үлкен ізденіс, дайындықпен қазақы құндылықтарымызды дәріптеуге барын салды. Іс шара соңында жиналған көпшілік Наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне игі тілектерін жаудырды. Жиын «Наурыз думан» хорымен, үйірме қатысушыларының қызықты концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Айта кетейік, бүгінде №2 Оқушылар сарайында 6 бағыт (Көркем- эстетика — 5 , Музыкалық — 15, Гуманитарлық — 13, Ғылыми-техникалық — 13, Психологиялық — 3, Спорт және сауықтыру — 16) бойынша 65 үйірмеде 5107 бала қосымша біліммен қамтылған. Мекемеге оқушыларды қабылдау Mindal24.kz электронды порталы арқылы жүзеге асырылады.
Шымкент қаласы №2 Оқушылар сарайының баспасөз қызметі