Алаңдауға негіз жоқ

негіз

Алдағы уақытта АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтпек. Маңызды шара қарсаңында мәселенің байы­бына барған түрлі кездесу мен талқылау ұйымдастырылып жатыр. Сондай алқалы жиын «Бейбіт атомды қолданудың артықшылықтары» тақырыбымен өтті.

Сарапшылардың айтуын­ша, атом энергетикасын да­мыту мәселесінде жан-жақты, пысықталған ұстаным қалып­тас­ты­ру аса маңызды. Ол үшін ең алдымен, энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне, жобаны да­йындау кезеңдеріне ерекше назар аудару керек. Сондықтан сарапшылар осы кезеңдерді жіті талқылап, инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетті дамыту бо­йынша өз көзқарастарын айтты. Дөңгелек үстелге Энергетика министрлігі, «Қазақстандық атом электр стансалары», «Ұлттық ядролық орталық», «Ядролық физика институты», «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» ор­талығының өкілдері, Еура­зия ұлттық университеті мен «Қазақ­стандық энергиямен жаб­дықтаушы ұйымдар қауым­дас­тығы» мекемесінің сарапшылары қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар, ғылыми мекемелер мен бейінді ұйымдардың өкілдері де келді.

Үкіметтің тапсырмасы бо­йынша АЭС-ке қатысты екі орналастыру ауданы қаралып отыр. Екеуі де атом электр стансасын орналастыруға жарамды. Сарап­шылардың айтуынша, Үлкен ауылының ауданы тіптен қолайлы. Негізгі сұрақ болып отырған реактор түрін таңдауға қатысты сарапшы, атом энергиясы институтының реактордан тыс сынақтар бөлімінің бастығы Асан Ақаев өз пікірін айтты.

– Бұл маңызды құрылыс үшін ІІІ және ІІІ + буын реакторлары қарастырылады. Осы реакторлар мүмкіндігінше қауіпсіз. Бір-бірін қайталайтын пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелері бар. Пассивті қауіпсіздік жүйелері сыртқы энергияны қажет ет­пейді әрі табиғи физикалық заңдардың әсеріне қабілетті. Мысалы, ауырлық күші реакторды қауіпсіз күйге келтіру үшін оператор қателескен жағдайда немесе әрекетсіздік орын алса да оң нәтижесін береді. Пассивті салқындату жүйелері қазіргі уа­қытта персонал тарапынан толық әре­кетсіздік кезінде 3 тәу­лік ішінде апаттық реактордан жылуды дербес бұруға қабілетті, – деп түсіндірді сарапшы.

Ма­ман­дан­дырылған физи­ка­лық кедергілердің жиынтығы, апатқа қарсы әрекет ету шара­ла­рының кешені қазіргі заманғы АЭС-тің терең эшелондалған қорғанысын құрайды. Ядролық бөліну реакциясы кезінде пайда болатын радионуклидтердің шығуына алғашқы физикалық кедергі – ядролық отынның өзі. Осы тұстағы нәзік байланыс­ты ұғынуымыз қажет. Екінші тосқауыл – ядролық отын ор­на­ласқан отын бөлетін эле­менттің герметикалық металл қабығы. Ал қалыңдығы шамамен 20 см болат реактордың корпусы үшінші тосқауыл болады. Төртінші тос­қауыл – бастапқыда 8 балдық жер сілкінісіне, су тасқынына және тіпті сағатына 720 шақырым жылдамдықпен ұшатын 400 тон­налық ұшақпен соқтығысуға төзімді қос герме­ти­калық контаймент.

«Ядролық физика институты» сарапшысы Д.Бөргеков мамандарды даярлау да өзекті мәселе деп отыр. Қазір институт ядролық физика саласында мамандар даярлайтын ел­дің төрт оқу орнымен тығыз ынты­мақ­тастық орнатқан. Олар – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақ­стан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық уни­верси­теті. Осы жоғары оқу орын­­дары­ның студенттері инс­титутта ғы­лыми-практикалық тағылым­дамадан өтуге, өз ғылыми жұ­мыс­­тарын жасауға, оқудан бос уа­қытында қондырғыларда жұмыс тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік алады. Осы жылы білім алушы­лар контингенті 253 адамды құрайды, ал кейінгі 12 жылда 1 600-ден астам маман даяр­ланды.

Сонымен қатар институт қызметкерлері бүкіл әлемге танымал «MIT», «CERN» сияқты ғылыми ұйымдарда тағылым­да­мадан өтіп, бірлескен зерттеу жүргізеді. Тек кейінгі 5 жылда ядролық физика институты 30-дан астам PhD, ал өзінің барлық қызметі үшін докторантура, кандидат және PhD ғылыми дәрежелері бар 300-ден аса ғалымды даярлады.

Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мұрсалова еліміз­дің энергетикалық секторы дәс­­түрлі және жаңартылатын энер­гия көздерін пайдалануды теңестіруге ұмтылып, белсенді дамып келе жатқанын айтты. Бүгінде еліміздегі электр энергия­сын өндірудің негізгі үлесі жалпы өндірістің 66%-ын қамтамасыз ететін көмір стансаларына тиесілі. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторы айтарлықтай өсіп жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК өндіру үлесі шамамен 6%-ға жетті.

– Елдің энергия қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында өнер­кәсіп пен экономиканы тұ­тастай дамыту үшін тұрақты энергия көздерін салу қажет. Қазірдің өзінде ең жоғары сағаттарда тапшылықты сезінеміз және шекаралас елдерден электр энер­гиясын жоспарлы түрде сатып аламыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВт сағатты құрады, содан кейін тұтыну 115 млрд кВт сағат болды. 2 млрд кВт сағаттан астам энергия немесе 2023 жылы жалпы электр энергиясын тұтынудың шамамен 2%-ы Ресейден сатып алынды. Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 60 млрд кВт сағат болды, оның 1 млрд кВт сағаты көршілерден сатып алынды, – деді ол.

Энергетикалық қауіпсіздік саласындағы сарапшы, «Қазақ­станның энергетикалық аспек­тілері» зерттеу орталығының директоры Алмаз Әбілдаевтың пікірінше, АЭС құрылысы көптеген мүмкіндікке жол ашады. Ең бірінші кезекте бар­лық заманауи экологиялық үрдістерді ескере отырып, ауаға шығарындыларды азайту арқылы энер­гетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

egemen.kz